Павлодар облысында Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушылары таудан өздігінен түсе алмай қалған ер адамды қауіпсіз жерге эвакуациялады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Оқиға түнгі уақытта Баянауыл ауданына қарасты Торайғыр ауылында болған. 112 қызметіне тауға көтерілген азаматтың төмен түсе алмай қалғаны туралы хабарлама келіп түскен.
Шақырту бойынша оқиға орнына жедел жеткен құтқарушылар альпинистік жабдықтардың көмегімен ер адамға көтеріліп, оның қауіпсіз түсуін қамтамасыз етті. Нәтижесінде 1985 жылы туған азамат аман-есен эвакуацияланды.
Құтқарушылардың жедел әрі үйлесімді әрекетінің арқасында операция сәтті аяқталып, зардап шеккендер болған жоқ.
ТЖМ таулы аймаққа шығатын азаматтарды қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырады. Мамандар өз мүмкіндігіңіз бен дене дайындығыңызды дұрыс бағалауға, түнгі уақытта тауға шықпауға, арнайы жабдықсыз қауіпті учаскелерге бармауға кеңес береді. Сондай-ақ жолға шығар алдында жақындарыңызға бағытыңызды хабарлап, төтенше жағдай туындаса, 112 нөміріне дереу қоңырау шалуды ескертеді.