Бұған дейін рафинадталмаған өсімдік майын дайындаумен шектелген "Павлодар агрокешені" ЖШС жаңа желіні іске қосты. Соның нәтижесінде тазартылған өсімдік майын шығаратын мүмкіндік жасалды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Компания басшысы Кирилл Печенкиннің айтуынша, бұған дейін өсімдік майы Өскемен қаласындағы цехта тазартудан өтетін. Бұл өнімнің өзіндік құнының өсуіне әсер етті. Ендігі ретте "Павлодар агрокешені" бұл жұмысты өзі атқарып, облыс тұрғындарын бағасы қолжетімді өсімдік майымен қамтамасыз етеді.
"Біз қазірдің өзінде жыл сайын 5 мың тонна күнбағыс тұқымдарын өңдейміз. Жаңа желі іске қосылған соң 960 тонна тазартылған май дайындалады", – дейді Кирилл Печенкин.
Жобаның жалпы құны – 185 миллион теңге. Оны іске асыруға "Павлодар" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы қолдау көрсетті. Енді "Жаңа май" деген атаумен шығатын павлодарлық өнім 0,5 және 1 литрлік пластикалық бөтелкелерге құйылып, өңірлік нарыққа жол тартады.
Кәсіпорын басшылығы шикізатпен қамтуда қиындық болмайды деген сенімде. Облыс аумағында 218 мың гектар алқапқа күнбағыс егіледі.
Ажар Дәулетова