Павлодар облысында төтенше жағдай жарияланды

Ол қатты дауыл салдарын жоюға бағытталған.  

Павлодар облысында төтенше жағдай жарияланды Фото: Павлодар облысының әкімдігі

19 маусым күні өңірде жылдамдығы секундына 43 метрге дейін жеткен қатты жел соғып, дауыл болған еді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі. 

Салдарынан бір адам қаза тауып, 16 тұрғын түрлі жарақат алды. Оның үшеуі – бала. Сондай-ақ, 100-ден астам тұрғын үй, әлеуметтік және кәсіпкерлік нысанының ғимараты зақымданды. Ауылдар мен қалаларда бірнеше сағаттан бірнеше күнге дейін жарық болған жоқ. Қатты дауылдың салдары мен одан келген шығын әлі де есептеліп жатыр. 

Бұл ретте жергілікті билік Павлодар, Екібастұз, Ақсу қалалары мен Баянауыл, Май және Павлодар аудандарында төтенше жағдай жарияланды. Бұл өз кезегінде зақымданған аумақтарды жөндеп, тұрғындарға ақшалай көмек көрсетуге мүмкіндік бермек. 

"Жергілікті атқарушы органдар өңірдің бірқатар елді мекендерінде соққан дауылды желдің салдарынан келтірілген залалды бағалау бойынша жұмыстар жүргізуде. Комиссиялар залал келтірілген орындарға барып, зардап шеккен азаматтардан өтініштер қабылдауды жүзеге асыруда. Өтініштер 30 маусымға дейін қабылданатын болады", – деп мәлімдеді Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі. 

Бұл ретте дауылдан зардап шеккен жеке үйлердің тұрғындары – азаматтардың жекелеген санаттары үшін 100 АЕК, яғни 393 200 теңге көлемінде біржолғы әлеуметтік көмек қарастырылған. Оны алу үшін ТЖБ анықтамасы, мүлікке құқық белгілейтін құжаттар, банктік шоттың болуы туралы хабарлама, жеке куәлік керек. 

"Қазгидромет" облыстық филиалының мәліметінше, өңірде қатты дауылдың болуына салқын фронт пен ыстық ауа массасының алмасуы әсер еткен. Салдарынан желдің жылдамдығы артып, қысым күрт өзгерген. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу