Павлодар облысында төрт түлікті жаяр жері аздық етеді

Сонда халық малын қайда жаяды? 

Павлодар облысында төрт түлікті жаяр жері аздық етеді Фото: Ерлан ОМАР, «ЕQ»

Павлодар облысында ауылдағы ағайынның төрт түлікті жаяр жері аздық етеді. Бұл мал шаруашылығымен айналысуға ниетті азаматтарға кедергі келтіріп отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі. 

Жалпы өңірдегі жайылым жердің аумағы 8 276,9 мың гектарды құрайды. Облыс аумағының 66%-ын жайылымдық жер алып жатыр. Бірақ мұның өзі мал ұстайтын ауылдықтарға жетпейді. Өткен жылы тапшылық 109 мың гектар болса, биыл тапшылық 76 мың гектарды құрап отыр. Павлодар облысының жер қатынастары басқармасының басшысы Мұрат Хамитовтың айтуынша, биыл азаматтар мен ауыл шаруашылығы өндірушілерін жайылымдық жерлермен қамтамасыз ету мақсатында 19,8 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылып,  халықтың мұқтаждығы үшін қайта бөлінді. Десе де, мәселе толығымен шешіле қойған жоқ. Түйінді тарқату үшін жергілікті билік жаңа жүйеге көшуді көздеп отыр. Атап айтқанда, шалғайдағы жайылымды дамытпақ. Бірақ тұрғындардың басым бөлігінің ауылдан 100 шақырымға жуық қашықтықтағы жайылымға төрт түлігін апаратын құлқы жоқ. 

"Ауылдарда мал басы көбейіп жатыр, оған шектеу қоя алмаймыз. Сондықтан тұрғындар арасында қоғамдық жайылымға тек аналық малды қалдыру қажеттігі туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Ал қалғаны шалғайдағы жайылымға шығарылуы керек", – дейді Мұрат Хамитов. 

Ол кеңестік кезеңде осындай тәжірибе болғанын еске салып, тапшылықты жою үшін соған қайта оралу қажет екенін алға тартты. Бірақ ол үшін аулыдық әкімдіктер алдымен шалғайдағы аумақта барлық жағдайды жасауы тиіс. Содан соң ғана бұл жүйені енгізуге болады. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу