Павлодар облысында ЖРВИ-дің күрт көбеюі мен "Гонконг" тұмауының тіркелуіне байланысты оқушылар қашықтан білім алатын болды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Жергілікті санитарлық-эпидемиологиялық департамент басшысының орынбасары Зәмзәгүл Досжанованың айтуынша, облыста ЖРВИ-дің 51 мың жағдайы тіркелді. Олардың қатарында 1 жасқа дейінгі 1153 бүлдіршін аталмыш сырқатқа шалдыққан. Сол сияқты 14 жасқа дейінгі балаларда да ауру белгілері байқалады. Ал инфекциялық бөлімшелердің 98,5%-ы толық.
Мамандардың болжауынша, қарашаның соңы мен желтоқсан айының басында науқастар қатары көбейеді. Ал келесі жылдың қаңтар, ақпан айларында нағыз өршуі болады.
"Бұл эпидемиологиялық маусымда санитарлық дәрігерлер "Гонконг" тұмауының айналымын байқады. Бүгінгі таңда А (H3N2) типті тұмаумен ауырудың 30 жағдайы тіркелді. Былтыр өңірде мұндай тұмау түрі болған жоқ. Оның белгілері тұмаудың барлық түріне ұқсас. Бірден дене қызуы көтеріліп, әлсізденіп, басы ауырады. Одан бөлек, жыл басынан бері Covid-19 вирусының 11 жағдайы анықталды", – дейді Зәмзәгүл Досжанова.
Тұмаудан сақтану үшін бюджеттен 81 млн теңге бөлініп, 80 мың адам екпе алды. Кәсіпорындарда жұмыс істейтін 2 мыңнан астам қызметкер вакцинациядан өтті.
Мамандардың айтуынша, ауру кеңінен таралып жатқан шақта тұмауға қарсы екпе алу кеш. Бастысы, көпшілік орындарға шықпай, сақтық шараларын қатаң ұстанған жөн.
Оқушыларды сырқаттан сақтау мақсатында облыстағы 120-дан астам сынып қашықтан оқуға көшті. Атап айтқанда, облыс орталығында 123 сынып, Павлодар ауданында 25 сынып және Тереңкөл ауданында 2 сынып шәкірттері үйден оқитын болды. Ал кей мектептерде оқыту кабинеттік форматқа ауысты. Яғни, оқушылар бір сыныптан бір сыныпқа көшпейтін болды.
Павлодар қаласындағы 34 мектеп, Екібастұз қаласындағы барлық мектеп осындай жүйені таңдап отыр.