Павлодар облысында тұмау өршіп тұр

Сырқаттың салдары тұрғындарға қиынға соғып тұр.  

Павлодар облысында тұмау өршіп тұр Фото: inbusiness.kz

Соңғы бірнеше аптада өңірде тұмауға шалдыққандар қатары күрт көбейді. Науқастардың дені оның белгілері коронавирустық инфекцияға ұқсас екенін айтады, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Бүгінде емханаларда учаскелік дәрігерлерге ұзын-сонар кезек. Дене қызуы көтеріліп келген кейбір тұрғындарға да фильтр кабинетіне кіру үшін біраз уақыт күтуге тура келеді. Мұның барлығы тұмау мен суық тиюдің көбейгеніне тікелей байланысты. Тіпті, тұрғындар әлеуметтік желілерде бұл жолғы сырқаттың тым өршіп тұрғанын жарыса жазуда. Олардың айтуынша, дене температурасы бірнеше күн, тіпті апта бойы 39 градустан түспей, көкжөтел қысады. Бұрын-соңды тұмаудың мұндай түрін көрмеген көпшілік мұны ковидке де ұқсатады.

Ал, дәрігерлер Павлодар облысына тұмау мен ЖРВИ-дің "шарықтау шегі" әлі жеткен жоқ деп отыр. Соңғы бір аптаның өзінде сырқатқа шалдыққандар саны айтарлықтай өскенін айтты.

"Эпидемиологиялық маусым басталған 1 қазаннан 16 қарашаға дейін өңірде ЖРВИ-дің 10 мың жағдайы тіркелді. Сондай-ақ, "Б" типті тұмау белгілері 8 адамнан анықталды. Бұл сырқаттардың көбейер уақыты әлі алда", - дейді облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің өкілі Елена Сухоносенко.

Сырқаттанғандардың қатарында балалар кездеседі. Олардың дені дене қызуының көтеріліп, әлсіздік болғанын айтады. Кейбіреулердің демалып, тыныс алуда қиындады.

Облыстық балалар жұқпалы аурулары ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Зере Сәдуақасованың сөзінше, қазанда емдеу мекемесінің көмегіне 1 мың бала жүгінсе, қарашаның 20 күнінің өзінде 1600 бала дәрігер қабылдауына келген. Сондықтан инфекциялық стационарға тағы 43 төсек-орын қойылды. Қазіргі уақытта мұнда 200 бала вирустық инфекциялардан емделіп жатыр. Жүкті келіншектердің денсаулығы да назарға алынды. Бүгінде 12 әйел стационарлық жағдайда ем-дом қабылдауда.

Айта кетейік, қыркүйек-қазан айларында облысқа тұмауға қарсы 90 мың вакцина жеткізілген. Тәуекел тобына жататын тұрғындар мен иммунитетін күшейтуді қалайтын азаматтар бұл екпелерді алып үлгерді. Дәрігерлердің сөзінше, енді вакцина қабылдауға кеш. Ол керісінше тұмауға шалдыққан науқастың жағдайын одан әрі ушықтыруы мүмкін.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу