Павлодар облысындағы қатты жел мен боранның салдарынан кеше кешкісін Баянауыл ауданы бірнеше сағатта тас қараңғы аумаққа айналды. Мұнда аудан орталығынан бастап барлық елді мекенде электр желілерінен ақау шықты, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Белгілі болғандай, аудандағы Майқайың кентінде ғана ішінара жарық болған. Ал қалған ауылдар толығымен электр желісінен ажыратылған. Алдын ала мәлімет бойынша, С-140 110 кВ электр желісі арқылы электр энергиясы берілмеген. Қолайсыз ауа райы апаттық-қалпына келтіру жұмыстарын толық көлемде жүргізуде қиындықтар тудырды. Соған қарамастан, Баянауыл ауданындағы электр тарату компаниясының қызметкерлері ауылдарды кезек-кезек желіге қосуға барын салды.
"Қатты жел мен ауа райының бұзылуы салдарынан аудан орталығы мен аудан көлемінде электр жарығы өшті. Кешкі уақытта Баянауыл, Александровка, Жосалы, Лекер, Күркелі ауылдарында қайта қосылды. Мамандар қиындықтарға қарамастан апаттардың салдарын жою үшін жұмыс істеп жатыр", – деп мәлімдеген еді Баянауыл ауданының әкімі Ардақ Кісентаев.
Жалпы, кешелі бірі Павлодар облысының аумағындағы электр желілерінде 111 ақау анықталды. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан апаттық бригадалар түнде де жұмыс істеп, электр желілерін ретке келтіріп, тұтынушыларды қосымша көздерге қосты.
"Апаттарды дер кезінде жоюға түк көрінбейтін боран айтарлықтай кедергі келтірді. Оған қоса, төтенше жағдайлар қызметі техникалардың барлық бағытта жолға шығуына шектеу қойды. Жолдардың жабылуына байланысты қосымша бригадалар аудан-ауылдарға ұзақ уақыт бойы шыға алмай қалды", – деп хабарлады "Павлодар электр тарату компаниясы" ЖШС өкілдері.
Таңғы уақытта энергетиктер 74 ақауды жойды. Дей тұрғанмен, өңірдің 2600 тұрғыны әлі де жарықсыз қалып отыр. Электр энергиясын қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда.
Сонымен қатар, кешегі екпіні 30 м/с дейін жеткен қатты желдің 33 нысанның шатырын ұшырып әкетті. Залалды анықтау және қалпына келтіру жұмыстарын үйлестіру мақсатында жергілікті атқарушы органдардың төрағалығымен ТЖ жөніндегі комиссиясы жұмыс істеуде.