Биыл ҰБТ-ға қатысуға Павлодар облысының 2889 түлегі өтініш білдірген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 10,5% көп көрсеткіш, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
"Алғашқы жоғарғы көрсеткішке ие болған балаларымызды қарсы алыңыздар. Кабулдинова Меруерт Каиргельдиновна – 136 балл! Ақсу қаласының дарынды балаларға арналған мамандандырылған гимназиясының түлегі, "Алтын белгі" иегері. Ертіс ауданы № 4 мектеп түлегі Молдабаев Алижанды ерекше атап өткім келеді. Ол 135 балл жинады. Жалпы Ертіс ауданы білім сапасы бойынша өткен жылдан бері жоғары көрсеткіштерге ие болуда. Министрдің тапсырмасына сәйкес ешқандай рейтинг жасау жоқ! Тек балалардың қуанышымен, еңбегінің жемісімен құттықтағым келді",– деп жазды облыстық білім беру басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлы Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында.
Павлодар облысында тестілеу 10 пунктте өтеді. Бұл орталықтардың бәрі де тестілеуді өткізуге дайын. Сондай ақ, тестілеу барысын жазатын бейнетіркеуіштер бар, ата-аналардың күту орындарында тікелей онлайн трансляция жүргізу үшін жағдай жасалған.
Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің ақпараты бойынша тестілеу барысын ата-аналар онлайн трансляция арқылы кез келген жерден интернетке қосылса болды, көре алады.
Облыс мектептерін биыл 3583 түлек бітірді. Жалпы орта білім туралы "Алтын белгі" аттестатын 157 түлек, үздік аттестатын 126 түлек алды.