Павлодар облысында үш ауданның әкімі сайланады

Аудан басшысы атанудан барлығы 10 кандидат үмітті.

Павлодар облысында үш ауданның әкімі сайланады Фото: canva.com

Биыл елімізде 45 аудан мен қаланың әкімі бірінші рет тұрғындардың тікелей дауыс беруі арқылы таңдалмақ. Бұл бастама биыл Президенттің Жолдауында көтерілген болатын, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі. 

Облыстық мәслихаттың шешімімен Ақтоғай, Железин және Шарбақты аудандарының әкімдері таңдалады. Бүгін сағат 07.00-де аталған аудандардағы 87 сайлау учаскесі жұмысын бастады. Үш ауданның азаматтары сол учаскелерде бюллетень алып, қалаған кандидатына дауыс бере алады. Бұл аудандарда барлығы 46 мыңнан астам адам тұрады. Олардың 32 мыңы дауыс беру құқығына ие. 

Ал үш ауданға жетекшілік етуге барлығы 9 кандидат ниет білдірді. Ауданның әрқайсысында үш үміткерден бар. 

Таңмен таласа таңдау жасауға келгендердің қатарында жас та, кәрі де бар. Тұрғындар жаңа жүйе бойынша алғаш рет ұйымдастырылып отырған саяси науқанның мән-маңызын атап өтті.

"Бүгін сайлауға бірінші болып, өз таңдауымды жасадым. Осыдан екі жыл бұрын ауыл әкімдерін сайлау енгізілсе, енді биылдан бастап аудан басшыларын да таңдайтын болдық. Дұрыс шешім деп ойлаймын. Ауыл, аудан басшысын халықтың өзі таңдауы керек", – дейді Шарбақты ауданының тұрғыны Алмас Жанабаев. 

Бұл ауданда барлығы 12 987 адам дауыс береді деп жоспарлануда. Ал Ақтоғай ауданында осы уақытта сайлаушылардың 15%-ы дауыс беріп үлгерді. Солардың бірі – Арман Ерғалиев. 

"Биыл көктемде 18 жасқа толып, дауыс беруге құқылы азаматтар қатарына қосылдым. Бұл – менің сайлауға алғаш рет қатысуым. Мұндай саяси науқанға азаматтар, әсіресе жастар қатысып, азаматтық ұстанымын көрсетуі керек деп ойлаймын", – дейді ақтоғайлық Арман Ерғалиев. 

Айта кетейік, үш аудандағы 87 сайлау учаскесі сағат 20.00-ге дейін жұмыс істейді. Осы уақытқа дейін дауыс берушілердің бюллетень алып, белгі қоюына мүмкіндік бар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу