Павлодар облысында үш ауылдың атауы өзгерді, деп хабарлайдыpavlodarnews.kz.
Мұндай шешім 26 қыркүйек күні өткен Павлодар облыстық мәслихатының кезекті сессиясында қабылданды. Ауыл тұрғындарының өтінішін ономастикалық комиссия қарастырып, депутаттар қолдады. Осылайша, Баянауыл ауданының Сәтбаев ауылдық округінде екі елдімекеннің атауы өзгертілді.
"Теңдік ауылы - Мұса Шорман ауылы, Қараащы - Қаныш Сәтбаев ауылы болып қайта аталды", - деді облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы Сәуле Османова.
Сондай-ақ Жаңажол ауылы Мәшһүр Жүсіп ауылы болып өзгерді.
Еске салайық, биыл Павлодар облысында "Рухани жаңғыру" аясында Мұса Шорманның 200 жылдығы аталып өтті. Мерейтойы шеңберінде Теңдік ауылында тұлғаға ескерткіш орнатылды. Жоба демеушілердің есебінен жүзеге асырылды. Сонымен қатар, биыл Баянауыл ауданында Ертіс өңірінің қайталанбас тұлғасы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының 160 жылдығы және ақын, ағартушы Сұлтанмахмұт Торайғыровтың 125 жылдығы да тойланған болатын.