Павлодар облысында ветеринар мен полицей заң бұзды

632

Ел Парламенті тазы мен төбет тұқымын көбейту туралы заңды қабылдағаны кеше ғана еді. Ал, Павлодар облысында ол құжат күшіне енбей жатып тұншықтырылды. 

Павлодар облысында ветеринар мен полицей заң бұзды Фото: azattyq-ruhy.kz

Екібастұз ауылдық аймағында ветеринария қызметкері жеті қазынаның біріне баланатын иттерді атып тастаған. Осылайша маман, көктемде ғана Президент қол қойған "Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы" заңды да белшеден басып отыр.

Екі апта бұрын ғана Парламентте "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қазақы ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң қабылданды. Оған мұрындық болған Президенттің іс басқармасы болатын. Құжаттың негізгі мақсаты  қазақтың тазы және төбет иті тұқымдарын сақтау. 

"Заң жобасында қазақы ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайту саласындағы қызметті жүзеге асыратын құқықтық ұйымдастырушылық және экономикалық негіздері белгіленеді, уәкілетті органның құзіреті бекітіледі. Заң жобасының негізгі қағидаттары қазақы ит тұқымдарының тазалығын және сақталуын қамтамасыз ету", дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Елдос Абақанов.

Арнайы заң шығарып қазақтың құмай тазысы мен төбетін түгендейміз деп жатқанда, жауапты мамандар кері әрекетке көшуде. Қоянды ауылында қос тазыны атқан жергілікті учаскелік полицей мен ветеринарлық маман. Біріншісі нұсқау берген, екіншісі нысана көздеген. Осылайша ит атқыштар, бір емес екі заңды белден басып отыр. 

"22 жылы 2-наурызда "Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы" заңы күшіне енді. Сол заңға сәйкес біз қазір көшеде қаңғыбас иттерді не бос иттерді атуға бізге тыйым салынған. Біз оларды жануарларды қорғаушы ұйымдармен бірге бірлесіп аулаймыз. Аулап соларға уақытша ұстауға береміз", дейді Облыстық ветеринария басқармасының бөлім басшысы Ғалым Бейсенов.

Кезінде қазақтың хандары тазыны төрге шығарып әспеттеген. Ал, ит жүгірткен сал серілер жігіттің сұлтаны болса, ұшқан құстың құйрығын тістеген құмай тазыны иттің сырттаны деді. Сондықтан да тазы жеті қазынаның біріне баланған. Ендеше, қазынаңа әлдекім қол салып, қазаныңды төңкеріп кетсе қалай қаймықпасқа! Сол себепті, заңға шекесінен қараған шенділер жауапқа тартылуы тиіс сияқты. 

Есенбек Санатұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу