Павлодар облысының табиғат қорғау прокуратурасы жүргізген талдау нәтижесінде Екібастұз қаласының Солнечный кентіндегі Шаңдақсор көлінде және Шарбақты ауданындағы Маралды көлінде жағажайларды ұйымдастыру кезінде заң талаптарының бұзылғаны анықталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Тексеру барысында жағажайларды ұйымдастырушылар қоршаулар орнатып, күзет бекеттерін қойып, аумаққа кіру үшін ақы алу арқылы азаматтардың ортақ пайдаланылатын су объектілеріне еркін қол жеткізуін шектегені белгілі болды. Сонымен қатар балалар жағажайының жабдықталмауы мен алғашқы медициналық көмек көрсетуге қажетті жағдайлардың болмауы анықталды.
Прокуратураның қадағалау актілері негізінде екі көлдің жағажайына ақылы кіру алынып тасталды, азаматтардың су айдындарына еркін қол жеткізу құқығы қалпына келтірілді. Сондай-ақ қажетті қауіпсіздік құралдары қамтамасыз етіліп, кінәлі тұлғалар әкімшілік және тәртіптік жауапкершілікке тартылды.