Атап айтқанда, өңірдегі 36 ауылға 282 мың гектар жер керек. Жергілікті билік оны пайдаланылмай жатқан аумақтарды мемлекет меншігіне қайтару арқылы шешуге бейілді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Былтыр ауылдықтарды алаңдатқан бұл мәселені шешу үшін жалпы аумағы 111,8 мың гектар аумақ мал бағуға бөлінді. Оның ішінде 67,2 мың гектар аумақ мемлекет меншігіне қайтарылып, 44,6 мың гектар жайылым резервке қойылды. Сондай-ақ, елді мекендердің жайылымдары 8 мың га ұлғайтылды.
Биылғы жағдай бойынша, жайылымдардың тапшылығы 139 мың гектарды құрап отыр. Бұл мәселе қала іргесіндегі Павлодар ауданы мен Ақсу қаласына қарасты ауылдық аймақтарда өзекті тұр. Алғашқысына 42,6 мың жер керек болса, қала аумағына кіретін елді мекендерге 18,8 мың гектар жайылым қажет. Бұл аудан-қаланың басшылары мәселені шешу үшін пайдаланылмай жатқан жерлерді қайтарып алуға бекініп отыр. Атап айтқанда, Павлодар ауданы жайылымға екі мың гектарды, Ақсу қаласы 13 мың гектарды қосуды жоспарлауда.
Бұл ретте аудан-қалалардағы жер комиссияларының жұмысына қатысты да сын көп. Талап бойынша, отырыс барысы ресми сайт пен әлеуметтік желілерде тікелей эфирде таратылып, кейін толық бейнежазбасы ресурстарға жүктеліп, бәріне бірдей қолжетімді болуы тиіс. Алайда кейбірінің техникалық тұрғыдан қамтылмауына, енді бірде жиынның ұялы телефонға түсірілуіне байланысты сапасы нашар боп жатады. Сондықтан конкурсқа қатысушылар тарапынан сұрақтар туындап, шағымдар түседі.
Облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Мұрат Хамитовтың сөзінше, өңірде барлығы 14 жер комиссиясы жұмыс істейді. Олардың әрқайсысының құрамында 9-27 адам бар. Жыл сайын комиссия құрамы 30 пайызға жаңарып отырады.
Жалпы, алғашқы жартыжылдықта аудан-қала әкімдіктері жалпы аумағы 150 мың гектарды құрайтын 237 жер учаскесіне қатысты 15 конкурс өткізуді жоспарлап отыр. Осы уақытқа дейін Май ауданында екі конкурс ұйымдастырылып, оның қорытындысы бойынша жалпы көлемі 9,2 мың гектар болатын 15 жер учаскесі берілді. Сондай-ақ, жалпы ауданы 18,7 мың гектар болатын 55 учаскеге қатысты төрт конкурс жарияланды.