Павлодар облысында көліктерге жалған мемлекеттік нөмір тағу фактілерінің жолын кесуге бағытталған "Жалған нөмір" жедел-профилактикалық іс-шарасы аяқталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Үш күн ішінде полиция қызметкерлері 500-ден астам әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады. Оның ішінде нөмірі оқылмайтын көлік басқарудың 146, мемлекеттік нөмірсіз немесе оны пайдалануға тыйым салынғаннан кейін көлік жүргізудің 12 және жалған нөмірмен көлік басқарудың 10 фактісі тіркелді.
Мәселен, Екібастұзда Астана көшесінде тоқтатылған ВАЗ 21150 көлігінің жүргізушісі көрінеу жалған нөмірмен жүрген. Осындай жағдай Солнечный кентінде де анықталды. Мұнда Kulager мотоциклінің жүргізушісі жалған нөмір пайдаланған.
– Жүргізілген талдау көрсеткендей, жүргізушілер көбіне ақылы автомобиль жолдарында жол жүру ақысын төлеуден жалтару мақсатында мемлекеттік нөмірлік белгілерді ауыстыруға немесе жасыруға барады. Сонымен қатар жалған нөмірлер белгіленген жылдамдық шектеулерінен асып кету және жүк көліктерінің салмақтық-габариттік бақылаудан өтуі кезінде нақты салмағын жасыру үшін пайдаланылады. Мұндай әрекеттер жол инфрақұрылымына да, жалпы көліктік қауіпсіздік жүйесіне де зиян келтіреді, – деп атап өтті ведомствода.
Іс-шара барысында 52 көлік арнайы тұраққа қойылды. Анықталған құқық бұзушылықтардың барлығы бойынша әкімшілік шаралар қабылданды.