Павлодар облысында жаңа жағдайларды жасыру фактісі болған жоқ – бас санитар

618

Тек зертхана мен ресми мәліметтер арасында сәйкестік болмағанға ұқсайды.

Павлодар облысында жаңа жағдайларды жасыру фактісі болған жоқ – бас санитар Фото: Валерий Бугаев

Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирус індетінің таралуына қарсы іс-қимыл жөнінде кеңес өткізген болатын. Президент жиын барысында кейбір аймақтарда жаңа жағдайлардың жасырылғанын айтты.

"Бірқатар облыста коронавирус індетіне қатысты жаңа жағдайларды жасыру деректері анықталды. Әңгіме Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Ақмола, Қостанай және басқа да облыстар жайында болып отыр. Өтірікті шындай сөйлету – аса қауіпті құбылыс екенін түсіну керек. Өйткені ол шынайы қауіптің бетін бүркемелейді", - деген еді Мемлекет басшысы.

Ал Павлодар облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Батырбек Әлиевтің айтуынша, өңірде науқастарды жасыру жағдайлары болған жоқ. Тек зертханалардан ПТР-тест талдамаларының нәтижесі екі-үш күнге кешігіп келгендіктен, ресми деректерге кеш қосылды.

"Қазан айында шамамен 50 жаңа жағдай дер кезінде есепке алынбай қалды. Бірақ мамандар эпидемияға қарсы тергеу жұмыстарын уақытылы жүргізіп, науқастармен байланыста болған адамдарды ЖСН, телефон нөмірлері, мекенжайлары арқылы анықтап, тиісті шараларды қолға алды. Әуелде зерттеу нәтижелері бойынша жаңа жағдайлардың саны біздің есебімізден көп болғанмен, кейін олардың барлығы жалпы статистикаға қосылды. Қазір зертханалар мен біздің ақпараттар арасында еш айырмашылық жоқ. Жұмыс бір ізге келтірілді", - деді Батырбек Әлиев.

Сонымен қатар, кеше Мемлекет басшысы еліміздегі көптеген емханаларда талаптардың сақталмауы анықталғанын айтқан еді. Белгілі болғандай, мұндай жағдайлар Павлодар облысындағы емдеу мекемелерінде де бар. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Айдар Сейітқазиновтің сөзінше, тәжірибелі эпидемиологтардан құрылған мониторингтік топтар екі бағыт бойынша тексеріс жұмыстарын жүргізді. Соның нәтижесінде кейбір емхана, ауруханаларда "қызыл" және "жасыл" аймақтардың дұрыс бөлінбеуі, кварц жасау кестесінің талапқа сай келмеуі, медициналық қызметкерлердің жеке қорғаныс заттарын киюін бақылайтын адамның белгіленбеуі сынды жайттар байқалды.

"Санитарлық-эпидемиологиялық талапқа сәйкес, дене қызуы бар адамдар үшін емдеу мекемесіне кірер жеке есік қарастырылуы керек. Бірақ ауылдық жерлердегі кейбір дәрігерлік пунктер басқа әлеуметтік нысандардың ішінде, талапқа сай келмейтін ғимараттарда орналасқандықтан, қосымша есіктер қарастыратын мүмкіндіктер жоқ", - дейді облыстың бас дәрігері.

Айта кетелік, өткен аптада "қызыл аймаққа" кірген Павлодар облысы күні кеше "сары аймаққа" қайта оралды. Бірақ бір апта бұрын қабылданған күшейтілген карантин режимі жеңілдетілген жоқ.

Ажар Дәулетова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу