Осыдан төрт күн бұрын өңірдегі Бұланбай ауылында бір қабатты мектеп аз уақыт аралығында толығымен жанып кетіп, күлге айналған еді. Енді жергілікті билік оның орнына жаңа мектеп салуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Ертіс ауданындағы білім беру мекемесі 2010 жылы салынған болатын. Осы уақыт аралығында негізгі мектеп оқушылары замануи талапға сай оқу орнында білім алып келді. Алайда 23 қаңтар күні мектеп жанындағы баған отқа оранып, қатты желдің салдарынан өрт білім мекемесіне "көшіп", аз уақыт аралығында қызыл жалын шамамен 150 шаршы метр болатын ғимаратты толығымен шарпыды. Абырой болғанда, бұл күні аяздың салдарынан оқушылар қашықтан оқу режиміне ауыстырылып, мектепте балалар да, мұғалімдер де болған жоқ.
Демалыс күні облыс әкімінің орынбасары Айгүл Мәлікова мектеп ұжымымен, ата-аналармен кездесіп, балаларға жасалған жағдаймен танысты. Білім мекемесі жанып жеткен соң 20 оқушы уақытша шағын орталыққа орналастырылған еді. Бірнеше күн ішінде бұл орталықта оқу кабинеттері мен жиһаздары дайындалып, балалардың ас ішуіне арналған бөлме жабдықталды.
"Мектепте 20 бала оқиды. Сабақтар 4 сынып топтамасы бойынша екі ауысымда өтеді. 8 бүлдіршін үшін ойын және оқу бөлмелерімен қамтамасыз етілген шағын орталық жұмыс істейтін болады", – деді Айгүл Мәлікова.
Сонымен қатар, облыс әкімінің орынбасары елді мекенде 20 орындық жаңа мектептің жобасы әзірленетінін айтты. Онда мәжіліс залы мен спорт залы біріктірілмек. Оқушылардың тамақтануы үшін буфет те қарастырылады. Жоспар бойынша, құрылыс жұмыстары көктемде басталуы тиіс.