Павлодар облысында жазғы уақытта 47 жағажай жұмыс істейді

Шомылу маусымы басталмай жатып-ақ өңірде бір адам суға батып кетті.  

Павлодар облысында жазғы уақытта 47 жағажай жұмыс істейді Фото: lifepvl.kz

Солтүстіктегі аймақта ауа температурасы +30 градустан жоғары көтерілсе де, суға сүңгіп шығуға әлі ерте, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Жылдағы дәстүр бойынша шомылу маусымы биыл да маусым айында басталмақ. Ол үшін өңірде 47 жағажай – 27 коммуналдық және 20 жекеменшік түрі ашылады. Таяу уақытта төтенше жағдай мамандары кезекті кезеңге дайындықты қолға алуды жоспарлап отыр. Ертіс өзені өз арнасына бұрылған соң жағажайлардың аумағы тазартылып, өзен-көлдердің түбі тексеріледі. Ал жекеменшік жағажайлар осы айдың соңында-ақ іске кірісе алады.

Бұл ретте Павлодар облысы бойынша төтенше жағдайлар департаменті азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Қыдыржан Наскенов сақтық шараларына ерекше мән беру керек екенін ескертті.

"Тыйым салынған жерлерде, түнгі уақытта шомылғаны үшін жауапкершілік қарастырылғанын баса атап өткім келеді. Мұндай әрекетке барған азаматтар айыппұл төлейді. Өміріне қауіп төндіреді. Сонымен қатар, су айдындары маңында балалар тек ата-ананың қарауымен жүруі керек. Әйтпегенде, 7 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Ережені елемегендер ұшатын құрылғылар көмегімен анықталады", - деді Қыдыржан Наскенов.

Еске сала кетсек, былтыр Павлодар облысында барлығы 8 адам судан ажал құшты. Оның екеуі – бала. Биыл да сәуір айында Тереңкөл ауданында ер адам баржадан секіріп кетіп, оның денесі бір айға жуық уақыттан соң ғана табылып, судан шығарылды.

Мұндай оқыс оқиғалардың алдын алу үшін, әсіресе балалардың қауіпсіздігін сақтау мақсатында "Ertis Рromenade" сахнасында қауіпсіздік мектебі жұмысын бастайды. Мұнда мамандар тұрғындарға су қауіпсіздігін, алғашқы көмек көрсету тәртібін егжей-тегжейлі түсіндіреді.

Жалпы, жыл басынан бері облыс аумағында 5200 бала жүзуді үйренді. Ол үшін 123 каркастық – модульдік бассейн орнатылды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу