Бірнеше жергілікті мәслихат ауыл шаруашылығы жерін игеріп, сол арқылы кәсібін дөңгелетіп отырған тұрғындарға салықтық салмақ салды. Олардың салық сомасын заңсыз өсіруі кәсіпкерлердің қалтасын қақпай қоймады, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Павлодар облыстық прокуратурасының мәліметінше, Ақсу қалалық мәслихаты ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерге төленетін салықтың базалық мөлшерлемесін бірден 10%-дан 50%-ға дейін арттырған.
"Салық кодексіне сәйкес, жердің дәл осындай түріне қатысты салықтың базалық мөлшерлемесін көтеруге болмайды. Соған қарамастан жергілікті мәслихат заңсыз шешім қабылдаған. Бұған байланысты Ақсу қалалық прокуратурасы мәслихат шешімінің күшін жойды. Соның нәтижесінде 760-тан астам кәсіпкердің құқығы қорғалды. Атап айтқанда, олар үшін салық міндеттемелері айтарлықтай төмендетілді", - деп хабарлайды Павлодар облыстық прокуратурасы.
Осы іспетті жағдай Баянауыл ауданында да орын алған. Мұндағы аудандық мәслихат та ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланылатын жердің салығын арттырып жіберген. Іске прокуратура араласқан соң бизнестің 650-ден астам нысаны үшін салықтық төлем көлемі азайды.