2023 жылы Павлодар облыстық полициясы 132 мыңнан астам жол қозғалысы ережесін бұзудың жолын кесті, тәртіп бұзушыларға 1,5 миллиард теңгеге айыппұл салынды. Бұл туралы inbusiness.kz сайты polisia.kz ақпараттық медиа-порталына сілтеме жасап хабарлайды.
"Мыңдаған жүргізуші автокөлікті жүргізу құқығынан айырылды. Қабылданып жатқан шаралардың арқасында өңірдегі жол-көлік оқиғаларының саны 3%-ға немесе 20 фактіге төмендеді", – деп түсіндірді Жасқайрат Қайыров Павлодар облысының өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз брифингінде.
Сонымен қатар, өңірде патрульдік автокөліктерге орнатылған 48 автоматты жол жүру ережелерін тіркеу жүйесі, 6 “Кибер-шериф” аппараттық-бағдарламалық кешені жұмыс істейді. Олардың көмегімен 29 мың бұзушылық анықталды, бұзушыларға 402 млн теңгеден астам айыппұл салынды.
Сондай-ақ, биыл полицейлер осындай 4 кешен сатып алу жоспарланып отырғанын атап өтті. Өткен жылы "Павлодар – Қызылорда" республикалық тас жолында 12 камераға 3 "Зерек" жүйесі орнатылды.
Айта кету керек, жол қозғалысын қадағалау тиімділігін арттыру мақсатында полицейлердің планшеттерінде “Қорғау” мобильдік қосымшасы орнатылды, оның көмегімен 118 автокөлік айыппұл тұрақтарына қойылды, 8 млн теңгеден астам сомаға айыппұл салынды.