Биыл Павлодар облысына көктем ерте келді. Наурыз айының алғашқы күндері ауа температурасының күрт жоғарылауы мен жер тоңының жібімеуі салдарынан еріген қар суы жолдарды шайып кетудің аз-ақ алдында қалды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Жыл сайын көктем келе Баянауыл ауданындағы бірнеше елді мекен мен Ақтоғай ауданындағы Шілікті, Шолақсор ауылдарында су деңгейі көтеріліп, кейде таситын әдеті бар. Бірақ биыл әдеттегі бұл аумақтардан емес, төтенше жағдай қызметі күтпеген елді мекендердегі жолдар мен үйлер су астында қалудың қаупі туды. Мысалы, Май ауданының орталығы - Көктөбе ауылында жаңадан салынған бес үйге еріген қар суы "кірмек" болды. №19 өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері, әкімдік өкілдері шамамен 4 700 шаршы метр суды дер кезінде сорып алды. Ал аудандық әкімдікке мұндай жағдай қайталанбас үшін су өткізу құбырларын орнату жүктелді.
Сондай-ақ Бірлік ауылының тұрғындары ауылға кіреберіс жол мен бірнеше үйге "қызыл" су жақындап қалғанын хабарлады. Екібастұз қаласының өрт сөндірушілері аталған аймаққа арнайы құралдармен жетіп, 250 текше метрден астам суды сыртқа ағызды.
Жылдағы "дәстүр" бойынша Қалқаман-Баянауыл-Үміткер-Ульяновск бағытындағы автомобиль жолының 103-інші шақырымы да су астында қалды. Бұл аумақта инертті заттармен бөгет қойылуда. "Казгерстрой" мердігер компания қарды шығарып, су өткізу құбырларын тазалады.
Павлодар облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің басқарма бастығы Ақылбек Баяхметов су деңгейінің күрт көтерілуіне күннің жылуы, жаңбырдың жаууы мен жердің қатуы себеп болды дегенді айтады.
"Судың сіңіп кететін жері болған жоқ. Сондықтан біз күтпеген аймақтарда ойламаған оқыс оқиғалар орын алды. Қазіргі уақытта тиісті жұмыстар жүргізіліп, қауіп сейілді. Бірақ босаңсымай, су тасу кезеңіне дайындық жүргізіп жатырмыз", – дейді Ақылбек Баяхметов.
Жалпы Павлодар облысында 10 мыңнан астам тұрғыны бар 35 елді мекенді су басуы мүмкін. Бірақ мұндай жағдай соңғы рет 2017 жылы тіркелген болатын. Биыл да төтенше жағдайдың орын алмасы үшін топырақ салынған 43 мыңнан астам қап, 18 мың тонна инертті материал, 115 тоннаға жуық жанармай дайындалды. Сондай-ақ оқыс оқиға орын ала қалған жағдайда жеке құрамның 1 344 қызметкері мен 620 техника жұмылдыруға дайын.
Ажар Дәулетова