Павлодар облысында жолдарды жөндеуге 28 млрд теңге жұмсалмақ

Бұл былтырғыдан 1 млрд теңгеге көп. 

Павлодар облысында жолдарды жөндеуге 28 млрд теңге жұмсалмақ Фото: Валерий Бугаев

Өткен жылы өңірде жолдарды жөндеуге рекордтық сома – 27 млрд теңге жұмсалған еді. Биыл шығын одан да артып, қомақты жарақатқа 612 шақырым жолды қалпына келтіру көзделіп отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Жалпы, Павлодар облысындағы жолдардың 91% қанағаттанарлық жағдайда деп есептеледі. Бұл көрсеткішті 97%-ға дейін жеткізіп, қатынауда қиындық тудыратын учаскелерді реттеу үшін 190 жобаны қолға алу көзделген.

Әсіресе, ауылдарға кіреберіс жолдарға көп көңіл бөлініп отыр. Әкімдердің тұрғындармен тұрақты кездесулері барысында осы мәселе жиі көтеріледі. Былтыр көпшіліктің талап-тілегі бойынша 26 елді мекенге апаратын жол жабыны жаңартылды. Енді биыл жалпы ұзындығы 142 шақырым болатын 42 ауылдың кіреберіс жолын жөндеу жоспарда бар. Жергілікті жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қанат Қашкировтің айтуынша, бұл бағытқа 7,6 млрд теңге бағытталмақ.

"Аймақта барлығы 965 шақырым кіреберіс жол бар. Бүгінде 114 ауылдағы 355 шақырым жөндеуді қажет етеді. Биыл оның бір бөлігін реттеп алсақ, алдағы үш жыл аралығында барлық кіреберіс жолды қалпына келтіру ойластырылып отыр. Атап айтқанда, келесі жылы 94 шақырымдық 35 кіреберіс жол, 2026 жылы 119 шақырым болатын 37 кіреберіс жол жөнделуі керек. Осылайша, елді мекендердегі ескі жолдардың мәселесін шешеміз", - дейді ол.

Одан бөлек, есептік кездесулерде тұрғындар көтерген мәселелерді тарқату мақсатында бонустық трансферттер бөлініп, оған жалпы ұзындығы 68 шақырым болатын 65 ауылдағы көше жолын жөндеу қолға алынады.

Осы және өзге де кең ауқымды жол жұмыстарын уақытылы әрі сапалы атқару үшін 27 асфальтбетон зауыты, 11 қиыршық тас өндіру карьері мен бір битум өндіру зауыты жұмыс істейтін болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу