Ел көлемінде қар суының еруі, кейбір өзен суының көтеріліп, жұртқа қиындық жасап отыр. Мұндай мәселе Павлодар облысында да туындады. Атап айтқанда, екі ауылдағы үйлерге, қосымша ғимараттарға су кіріп кетті, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Ертіс ауданы, Павлодар ауданындағы Розов ауылдарындағы бірнеше үйдің кіреберісіне, қосымша ғимаратына су кірді. Бұл туралы тұрғындардың өздері әлеуметтік желіде жариялады. Шағымдарын білдірген жұрт техниканың аздығына налып, амалсыздан су кешіп жүргенін мәлімдеді.
"Кеше Ертіс ауданындағы тұрғындардың бірі хабарласып, қосымша ғимарат пен суық верандада су жиналғанын айтты. Жергілікті атқарушы органдардың, Ертіс ауданындағы төтенше жағдайлар бөлімінің араласуымен барлығы 83 текше метр су сорып алынды. Үйдің өзін су басқан жоқ", - деп хабарлады Павлодар облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мамандары.
Сол сияқты Павлодар ауданына қарасты Розовка ауылының тұрғындары да қар суынан зардап шеккенін мәлімдеді. Мұнда да бірнеше үйдің кіреберісіне су кірген. Қазір аталған ауылда 20 техника мен 46 адам жұмыс істеуде. Мамандардың сөзінше, баспаналарды су басу қаупі сейілді.
Жалпы, Павлодар облысында барлығы 21 елді мекенде су басу қаупі бар. Атап айтқанда, Павлодар, Ақсу қалаларындағы жер үйлер, Май, Успен, Шарбақты, Павлодар, Ақтоғай және Ертіс аудандарындағы кейбір ауылдар бақылауға алынды.
Сонымен қатар, республикалық маңызы бар 4 жол учаскесін, аудандық маңызы бар 2 жол аумағын су шайып кетуі мүмкін. Оның алдын алу үшін бұл аймақтарда да қауіпсіздік пен қадағалау шаралары күшейтілді. Оқыс оқиғаны болдырмау үшін соңғы тәулік 30 мың текше метрден астам еріген қар суы, 420 тонна қар шығарылып, 1417 қап инертті материал төселді.