Павлодар облыстық әкімдігіндегі алқа отырысында өңірдегі кәсіпорындарда орын алған жазатайым оқиғалар мен жұмыскерлер алдындағы жалақы қарыздары туралы айтылды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
Павлодар облысы еңбек басқармасының басшысы Асқар Қапанов 2019 жылы мемлекеттік еңбек инспекторларымен 1432 шағым мен өтініш қаралғанын және 22,8 млн теңгеге айыппұл салынғанын атап өтті.
"Түскен шағымдар мен өтініштерді қарау арқылы 339 тексеріс жасалды. 449 ереже бұзушылық анықталып, 217 нұсқау берілді. 22,8 миллион теңгеге 159 әкімшілік айыппұл салынды", – деді Асқар Қапанов.
Асқар Қапанов жасалған мониторингке сәйкес облыста жалақы бойынша 6 кәсіпорында 149 қызметкер алдында 47,8 млн теңге қарыз бар екенін айтты.
"ЭК Алпар" ЖШС 7 жұмыскер алдында уақыты өтіп кеткен жалақы бойынша 1,3 миллион теңге қарыз. Қалған 5 кәсіпорын банкротқа ұшырауына байланысты 142 қызметкер алдында 46,5 миллион теңге қарыз. 2019 жылы қолданылған шаралар арқасында 232 кәсіпорында жалақы бойынша 428,2 миллион теңге қарыз өтеліп, 2784 жұмыскердің құқығы қорғалды",– деді ол.
Басқарма басшысының айтуынша, 2019 жылы облыстағы кәсіпорындарда 111 жазатайым оқиға орын алған, нәтижесінде 118 адам зардап шеккен.
"65 адам ауыр жарақаттанып, 10 адам көз жұмды. Көбінесе жазатайым оқиғаның орны алуына еңбектің қауіпсіз жағдайын қамтамасыз етпеу, жұмыскерлерді оқытпау және нұсқама берілмеу, қажетті киім мен қорғануға арналған құралдардың берілмеуі әсер етеді. 2019 жылы өңірлік комиссияның 25 отырысы өтіп, 68 жұмыс беруші тыңдалды", – деді Асқар Қапанов.
Өңір басшысы Болат Бақауов өндірістегі жазатайым оқиғалар бойынша Павлодар облысы 3-орында тұрғанын айтып, ескерту жасады.
"Өндірістегі жазатайым оқиғалар бойынша өңіріміздің алдыңғы орындарда болғаны өкінішті. Профилактикалық шараларды көп атқару керек. Жұмыс берушілермен жеке кездесіп, жұмыскерлер алдындағы қарыздарды өтеу бойынша жұмыс жасаңыздар", – деді Болат Бақауов.
Асқар Қапанов кәсіпорындар мен ұйымдардың еңбек ұжымдары арасында тұрақты түрде ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіліп тұратынын айтты.