Павлодар облысындағы кейбір жол учаскелері қысқа дайын емес

Жергілікті билік мұны қаражаттың жоқтығымен байланыстырады.

Павлодар облысындағы кейбір жол учаскелері қысқа дайын емес

Қар мол көлемде жауып, көктайғақ жиі болатын Павлодар облысындағы бірқатар ауданда жолды күтіп-ұстау жұмыстары сылбыр жүріп жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қанат Қашкировтің айтуынша, жергілікті маңызы бар автожолдарды күтіп-ұстауға биыл 229 жол техникасы, 3027 тонна көктайғаққа қарсы материал мен 237 тонна жанар-жағармай дайындалды. Қалалар мен аудандардың қыс мезгіліне дайындығы орта есеппен алғанда 70%-ды құрайды. Ал Успен, Баянауыл және Железин аудандарында дайындық деңгейі 50%-дан аспайды.

Басқарма басшысы дайындықтың тиісті деңгейде жүргізілмеуіне нормативтік қаржыландырудың болмауы себеп екенін алға тартты.

Бұл мәселеге Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов та назар аударып, аудандар мен қалалардың әкімдеріне кәсіпорындармен үшжылдық келісімшарт жасауды және аудандық маңызы бар автожолдарды қаржыландыруын арттыру мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.

Қысқы уақытта проблемалық жолдардың бірі – республикалық маңызы бар Астана – Ерейментау – Шідерті автожолы. Жыл сайын бұл жерде тұрғындар қар құрсауында қалады. Көп жағдайда көлік кептелісі болады. "ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ облыстық филиалының директоры Мақсат Асқаров биыл мұндай жағдайдың алдын алу үшін 26 шақырымнан астам жол учаскесіне қар ұстайтын қалқандар қойылғанын айтты. Ал ауылдар мен қалалардың ішінде қар үйінділері болмас үшін арнайы полигондар белгіленді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу