Павлодар облысындағы мектептерде тегін тамақ беріле бастады

1686

Жалпы 50 мыңнан астам бала тегін тамақпен қамтылды.

Павлодар облысындағы мектептерде тегін тамақ беріле бастады

Павлодар облысының бастауыш сынып оқушылары мектепте тегін тамақтана бастады, деп хабарлайды әкімінің баспасөз қызметі.

Өткен жылдың қазан айында өңір мектептерінің қамқоршылық кеңестерінің өкілдерімен кездесу кезінде Павлодар облысының әкімі 2020 жылдан бастап өңірдің бастауыш сыныптарында оқитын балалар тегін тамақпен қамтылатынын айтқан еді. Осы мақсатқа облыс бюджетінен бір миллиард теңгеден астам қаражат бөлінді. Сонымен қатар, қаржыландыру жаппай оқыту қоры, аудандық бюджеттер және демеушілер қаражаты есебінен жүргізілетін болады.

"Қазіргі кезде облыстағы барлық мектептер бастауыш сынып оқушыларына тегін тамақ ұйымдастыруды бастады. Бұл қолдау әлеуметтік мәртебесіне қарамастан барлық бастауыш сынып оқушыларына қатысты болады", – дейді Павлодар облысы білім беру басқармасының бас маманының м.а. Абаева Айнагүл.

Ас мәзірі бойынша оқушыларға бірінші, екінші тағамдар, нан және сусын, 5 грамм бал беріледі.  Аудандық жерлерде аптасына бір рет салаттар мен жемістер беріледі.   

"Әр балаға бюджеттен 300 теңге бөлінеді. Біздің мектепте бастауыш сыныптарда 842 оқушы білім алады. Біз бұл нарықта бұрыннан жұмыс істеп келе жатырмыз. Тауар жеткізушілер сапалы өнімдер әкеледі. Әр айдың соңында бізге атқарылған жұмыстың көлеміне қарай тиісті қаржы аударылады. Ашық сатылымда ыстық тамақтың құны 450-500 теңгені құрайды. Біз жылдың соңына дейін жұмыс істейміз. Сәйкесінше бағалар да бұрынғы деңгейде қала береді", – дейді №25 мектептің қоғамдық тамақтану технологы әрі асхана меңгерушісі Бақыт Әбдірахманова.  

Павлодар облысында 40 мыңнан астам оқушы облыстық бюджеттің есебінен тамақтанады. 500 оқушы шаруа қожалықтарының демеушілігінің арқасында тегін тамақпен қамтылады. Демеушілердің қатарында  "Луганск" ӨК, "Победа" және "Галицкое" ЖШС-тері, "Надежда", "Арман", "Шкурко" және "Родник" шаруа қожалықтары бар.  

2019 жылы өңірде мемлекеттік-жекешелік әріптестік шеңберінде Павлодар қаласының 11 мектебі қатысқан екі жоба жүзеге асырылған. Осы жобалар бойынша мектеп асханаларын жаңғыртуға жеке инвестициялар тарту көзделді. Инвесторлар асханаларға жаңа құрал-жабдықтар сатып алып, олардың ішін жөндеді. Облыстық білім беру басқармасының мамандары бұл жоба өңірдің өзге мектептерінде жалғасатынын атап өтті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу