Кеше "Ертіс орманы" табиғи резерватында басталған өртке бірнеше облыстың өрт сөндірушілері мен техникалары жұмылдырылды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Павлодар облысы әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, 16 шілде күні сағат 14:00-де Шарбақты ауданы "Ертіс орманы" табиғи резерватының аумағында орын алған өрт оқшауланды. Өртті толықтай жою жұмыстары жалғасуда. Табиғи өрттің ауданы шамамен 850 гектарды құрады.
Өртті сөндіруге 350-ден астам адам, 102 мамандандырылған арнайы техника, оның ішінде 4 МИ-8 су құятын құрылғылары бар тікұшақ және ТЖМ Eurocopter тікұшағы жұмылдырылды.
Аймақ басшысы Асайын Байханов қызыл жалынды сөндіруге атсалысқан орманшылар мен өрт сөндірушілерге алғыс білдірді.
"Барлық өрт ошағы тексерілген соң бірнеше күннің ішінде тілсіз жау толығымен сөндіріледі. Қазіргі уақытта өрт оқшауланды. Табиғи апатқа қарсы күреске қатысқан барлық маманға ризашылығымызды білдіреміз", - деді облыс әкімі.