Кешеден бері Шарбақты ауданында орман өрті өршіп тұр. "Ертіс орманы" мемлекеттік табиғи орман резерватындағы өрттің ауданы шамамен 850 гектарға жетті, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Төтенше жағдай министрі Сырым Шәріпханов пен Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов кешеден бері оқиға орнында арнайы штаб құрып, өртті ауыздықтауға бағытталған шараларды пысықтауда. Алайда ошақтарды толығымен оқшаулау әзірше мүмкін болмай тұр.
Өрт сөндіруге жеке құрамнан 329 адам, 101 техника жұмылдырылды. Оның қатарында жергілікті төтенге жағдайлар департаментінің қызметкерлерімен қатар, министрлік мамандары мен Астана қаласы, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарының өрт сөндірушілері бар. Бұл аймақтардан арнайы техникалар да тартылды. Сонымен қатар МИ-8 және ТЖМ Еврокоптер жұмыс істеуде.
Қосымша сағат 5.13-те Семей қаласынан Қорғаныс Министрлігінің Ми-17, Ми-171 ұшақтары келді.
Сағат 7.30-да ТЖ Министрі және облыс әкімі орманшылықтар аумағын әуеден тексеріп өтті.
Өрттің белсенді фазасы Бауыртал орманшылығының 98 кварталында орын алып отыр. Онда өрт кей жерлерде төменнен жоғарыға ауысып тұр.
Жұмылдырылған ресурстармен өртті қайта болдырмау мақсатында өрттің шоқтарын сөндіру жұмыстары жүргізілуде. Жергілікті әкімдік елді мекендерге төніп тұрмағанын мәлімдеді.