Павлодар облысындағы Ертіс ауданында жер үйден өрт шықты. Аудан орталығындағы баспанадан шыққан қызыл жалын екі баланың өмірін жалмады, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Белгілі болғандай, бүгін сағат 08:33-те Павлодар облысы төтенше жағдайлар департаментінің "101" қызметі операторының пультіне Ертіс ауылында орналасқан жеке тұрғын үйдегі өрт туралы хабарлама келіп түскен. Өрт сөндіру бөлімшелері 3 минут ішінде, яғни 08:36-да оқиға орнына жетті.
Келген мамандар анықтағандай тұрғын үй толығымен отқа оранған. Үй заттары, жиһаз бен үй шатыры жанып, үй толығымен түтінге толды. Қиын жағдайға қарамастан, өрт сөндірушілер алғашқы минуттардан бастап зардап шеккендерді іздеуге кірісті.
Павлодар облысы ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқарма бастығының орынбасары Берік Омаровтың айтуынша, өрт сөндірушілер оқиға орнынан үш баланы құтқарып, оларды жедел медициналық жәрдем бригадасына тапсырды. Өрт сөндіру бөлімшелері келгенге дейін 2010 жылы туған ұл өздігінен үйден шығып үлгерген. Өкінішке қарай, кейін 2018 және 2021 жылдар туған екі ұл ауруханада жан тапсырды. Ал 2015 жылы туған ұлдың жағдайы ауыр.
Қызыл жалын 50 шаршы метр аумақта жойылды. Мамандар өрттің себебін анықтауға кірісті. Олардың айтуынша, өрт шыққан уақытта балалардың анасы жұмыста болған.