Павлодар облысындағы жылу желілерінің 80 пайызы тозған

Бұл көрсеткішті азайту үшін биыл бірнеше шақырым желі жөндеуден өтті.  

Павлодар облысындағы жылу желілерінің 80 пайызы тозған Фото: pavon.kz

Павлодар облысындағы үш қалада жылу құбырларының ескеруі – жылдар бойы қордаланып қалған мәселе. Сондықтан оларды уақыт оздырмай жөндеп, ретке келтіру міндеті тұр, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі. 

Биыл жылу желілерінде барлығы 31,3 шақырым құбыр жөнделді. Атап айтқанда, облыс орталығында 15,4, Екібастұзда 11,8 және Ақсу қаласында 4,1 шақырым жылу желісі ретке келтірілді. Оның ішінде Үкімет резервінен бөлінген қаражат есебінен үш қалада жалпы ұзындығы 9 км құбыр қайта құрылып, салынды. Бұл мақсатқа 12,6 млрд теңге жұмсалды. Өз кезегінде жылумен қамтушы компаниялар жеке қаражатына 2,4 шақырым құбырды күрделі және ағымдық жөндеуден өткізді. Осы жұмыстардың нәтижесінде аймақтағы жылу желілерінің тозу деңгейі 80,5%-дан 79,7%-ға азаймақ. 

Жергілікті энергетика және тұрғын үй – коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ержан Иманзайыповтың айтуынша, биыл тұрғындардан жылуға қатысты шағымдар екі есе азайған. 

"Осы жылдың қазан айының басында жылуға қатысты 361 өтініш түсті. Салыстырмалы түрде қарасақ, өткен жылдың осы кезеңінде 660 өтініш түскен екен. Яғни, шағымдар екі есе азайды. Бұл баспаналарды дайындау жұмысының тиісті деңгейде жүргізілгенін көрсетке керек. Ал келіп түскен өтініштердің барлығын  қалалық әкімдіктердің тұрғын үй инспекциясы бөлімдері пысықтады", - дейді Ержан Иманзайыпов. 

Жылу желілеріне қатысты мәселені шешу үшін келесі жылы облыс орталығында тағы екі, Екібастұзда үш, ал Ақсуда бір жоба жүзеге аспақ. Сол арқылы құбырлардың тозу көрсеткішін төмендету жоспарда бар. 

Айта кетейік, Павлодар облысында жылу маусымы былтырғыдан ерте басталды. Атап айтқанда, әлеуметтік нысандарға 9 қыркүйектен, көпқабатты үйлерге 16 қыркүйектен жылу беріле бастады. Бүгінде 1220 әлеуметтік нысан мен 2389 көппәтерлі баспананың барлығы жылуға қосылған. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу