Павлодар облысының әкімі ай сайын 784 мың теңге алады

1043

Аймақ басшысы жалақы көлемін жария етті. 

Павлодар облысының әкімі ай сайын 784 мың теңге алады Фото: Валерий Бугаев

Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов бұл туралы журналистермен кездесу барысында бөлісті, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

"Кез келген мемлекеттік қызметшінің айлық көлемі еңбек өтіліне, біліктілігіне, біліміне және тағы басқа факторларға байланысты. Менің ай сайын алатын жалақым – 784 мың теңге көлемінде. Орынбасарларымның айлығы – 520-540 мың теңге",  деді Әбілқайыр Сқақов.

Бұл ретте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, өңірдегі мемлекеттік және квазимемлекеттік секторларда қызметкерлерді қысқарту басталғанын атап өту керек. Оңтайландыру жүйесіне алғашқылардың бірі болып Павлодар облысы әкімінің аппараты енді. Мұндағы мемлекеттік қызметшілердің саны 25%-ға қысқарып, соның есебінен 410 млн теңге үнемделді.

Облыстағы екі бірдей ірі квазимемлекеттік мекеме – "Павлодар" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы мен "Павлодар" арнайы экономикалық аймағы қызметкерлерінің қатары да 25%-ға азайды. Қысқарту нәтижесінде 28,3 млн теңге қаржы оңтайландырылды.

Бұған дейін Павлодар облысы бойынша мемлекеттік қызмет істері департаментінің басшысы Ержан Қарымсақов өңірдегі аудан-қалалық бөлімдердің басшылары 200-220 мың теңге, облыстық басқарма басшылары 300-350 мың теңге жалақы алатынын айтқан еді.

Ал аймақтың қатардағы қызметкерлерінің айлығы жергілікті биліктегі қызметкерлердің аларынын бірнеше есеге аз. Статистикалық мәліметтер бойынша, Павлодар облысы тұрғындарының орташа еңбекақы көлемі 183,7 мың теңге.

Ажар Дәулетова

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу