Павлодар облысының әкімі бөлген 200 грантқа бір күнде 93 өтініш түскен

868

Гранттардың 100-і  педагогикалық және техникалық мамандықтарға, 100-і медицина саласына арналған.

Павлодар облысының әкімі бөлген 200 грантқа бір күнде 93 өтініш түскен

Облыс әкімдігі жергілікті бюджет есебінен 200 маманды дайындауға бөлген грантқа бір күнде 93 адам өтініш берген. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында  облыстық білім беру басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлы айтты, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

"Жоғарыда аталған  гранттардың ішінде 100-і  педагогикалық және техникалық мамандықтарға, 100-і медицина саласына арналған, - дейді Дінислам Болатханұлы. – Оның ішінде 50 грант мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша жоғары білім алуға, 50-і резидентураға  қарастырылған.  Талапкерлер тарапынан өтініштерді қабылдау 5-10 тамыз аралығында жүзеге асырылады. С. Торайғыров атындағы ПМУ, ПМПИ және ИнЕУ-де қабылдау бөлімдерінде қандай мамандықтар бойынша орын бар және басқа да сұрақтар бойынша кеңес беріледі".

Басқарма басшысының айтуынша, мамандарды дайындау қаладағы үш жоғарғы оқу орнында жүргізіледі. Медицина саласының мамандары  Қарағанды  және  Семей, Астана қалаларындағы жоғары оқу орындарда біліктіліктерін арттырады.

Талапкерлер бірінші кезеңге қатысу үшін ҰБТ мен КТ нәтижесі бар сертификат тапсырады.  Егер сертификатта көрсетілген ұпай саны бірдей болған жағдайда "Алтын белгі" иегерлері мен халықаралық және республикалық олипмиадалардың жеңімпаздарына басымдық беріледі.

Сонымен қатар, әлеуметтік аз қамтылған және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың  жағдайына назар аударылады.  Гранттарды тағайындау қорытындысы 15 тамыздан кейін белгілі болады. Жеңімпаздардың тізімі жергілікті БАҚ-та жарияланады.

Айта кетерлігі, өңірде еңбек нарығына қажет 200 маманды дайындау үшін жергілікті бюджеттен 65 млн теңге бөлінген.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу