Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов Екібастұздағы білім беру мекемелерін аралады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
"Екібастұздық балалардың үйде отырғандары жеткілікті деген ойдамын. Қаланың білім беру нысандарының оқушыларды қабылдауға дайындығын тексердім. №1 мектеп-лицейде жылумен жабдықтау қысымы жеткіліксіз болып шықты. Мәселені энергетиктермен бірге сол жерде қарастырдық. Мамандардың пікірінше, жылыту жүйесін толықтай жуу қажет. №11 орта мектептің де жағдайы дәл осындай. Жылу беру жүйесін жуу жұмыстарын жеделдетіп бастауды және жақын күндері жылумен жабдықтау жүйесін толыққанды бірқалыпқа келтіруді тапсырдым. №25 балабақшадағы жылыту радиаторлары қалпына келтірілді", – деп жазды облыс әкімі Instagram парақшасында.
Оның айтуынша, жоспарға сәйкес дүйсенбіге дейін температураны қалыпқа келтіру қажет.
"Екібастұздың білім беру мекемелерінің жұмысын жеделдетіп жандандыру міндетін қойдым. Жасөспірім қала тұрғындары мүмкіндігінше тезірек мектептер мен балабақшаларға оралуы керек", – деп қорытындылады Асайын Байханов.