Павлодар облысының әкімі халыққа онлайн есеп беріп жатыр

357

Интернеті жоқ 13 елді мекен тұрғындары қаперден тыс қала ма?

Павлодар облысының әкімі халыққа онлайн есеп беріп жатыр Фото: Shutterstock.com

Майқайың алтын кенішіндегі апаттан кейін дереу оқиға орнына барып, әлеуметтік желідегі парақшасы арқылы хабар таратқан Павлодар облысының әкімі енді міндетті халықпен кездесулерін де осылай өткізетін болды, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

Ол 2023 жылы атқарған жұмыстары туралы онлайн режимде баяндамақ. Тұрғындар тарапынан түсетін сұрақтарға да сол жерде жауап беретін көрінеді. Алайда, әкімнің бұл әрекеті баршаның көңілінен шығып жатыр деуге болмас. Өйткені, интернетсіз ауыл халқы мен әлеуметтік желіде отырмайтын қарттар қаперден қалып қойған. Байхановтың бұлайша құбылуына не себеп? Сыни сұрақтардан қашу ма?

Еліміздегі барлық деңгейдегі әкімдерге жыл бойы халықпен кездесулер өткізіп, есеп беріп тұруға міндеттелген. Бұл - Президент тапсырмасы. Ал, Павлодар облысының басшысы осы міндетін онлайн атқаруды ыңғайлы көріпті.

"Өткен 2023 жылғы есебімде облыстық бюджеттің ашықтығын көрсетіп, тұрғындардың әл-аухатын жақсартуға бағытталған жобалардың іске асуы барысын баяндаймын. Бұл ақпаратты кең жеткізу үшін бейне дайжест форматына көшуді жөн көрдім. Сондықтан өз инстаграм парақшамда әр сала бойынша алдағы бес күнде бейне баяндар топтамасын күнделікті жариялаймын", - дейді Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов.

Коронавирус індеті әлемді шарпып, көптеген елдер сияқты бізде де карантин жариялағанда онлайнға көшкеніміз рас. Әйтсе де, ол кезде де әкімдердің есептік кездесуі санитарлық нормаларды сақтай отырып, халықпен көзбе-көз өткізілетін. Енді, айдың күннің аманында қашықтықтан есеп беру көңілге қонымсыз дейді, қоғам белсенділері.

"Әлеуметтік желіде көпшілік отырмайды. Ол - бір. Екіншіден әкім тірідей халықпен кездескенде әрбір сұрақтар туылады. Әрбір сұрақтың арт жағында халықтың мінезі тұрады, эмоциясы тұрады дұрыс қой. Сол тірідей эмоциясын халықтың сұрақтарын ол сіңіру керек өзі-өзіне, терісінен өту керек", - дейді қоғам белсендісі  Сұңғат Сәрсенбаев.

Рас, кейінгі кезде Кереку жаман атты болып жүр. Былтыр Екібастұз оқиғасы жыл бойы жыр болды. Биыл жыл шыға орын алған Майқайың апаты әлі де назарда. 25 тәулік өтсе де шұңқырға құлаған екі адамды таппай жатыр. Су боп аққан мұз қалашықтың миллиондары мен желге ұшқан шырша да бет беделімізге кір келтірді.

"Осының бәрі жаңағы Майқайың алтын өндіру комбинатында болып жатқан апатқа байланысты шықпай отырма деп ойлаймын. Өткір сұрақтар бола ма деп қашып отырма деп ойлаймын. Негізі дұрыс емес қаншама адамның жан айқайы бар, шешілмеген сұрақтар бар. Сондықтан да халықпен бірге болып кәдімгі есеп бергені дұрыс деп ойлаймын", - дейді әлеуметтік желі белсендісі Толқын Сыздықова.

Қоғам белсенділері интернеті жоқ Павлодар облысындағы 13 елді мекен тұрғындары мен әлеуметтік желіге шықпайтын қарттар қаперден тыс қалғанын айтады. Ал, бүгін бірінші бейне жазбасын жариялаған Байханов, Наурыз айында 2024 жылдың жоспарын жариялаймын. Сол кезде халық алдына шығамын депті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу