Павлодар облысының әкімі картоп бағасының өсу себебін түсіндірді

923

Баға бірнеше күн аралығында тұрақталуы тиіс.  

Павлодар облысының әкімі картоп бағасының өсу себебін түсіндірді

Павлодар облысы – еліміздегі ең ірі картоп өндіруші өңір. Соған қарамастан, өнімнің бағасы аспандап тұр, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Өткен жылы павлодарлық шаруалар 18,5 мың гектар алқапқа картоп салып, күзде 500 мың тонна өнім жинады. Ал облыс тұрғындарының жалпы сұранысы – 90 мың тонна. Сондықтан қалған көлем басқа нарықтарда сатылымға шығарылады. Атап айтқанда, 230 мың тоннасы сыртқа экспортталады, 180 тоннасы өзге өңірлерге жөнелтіледі.

Алайда өнімнің мол көлемде болуы әлеуметтік маңызы бар тауарлар тізіміне кіретін картоптың бағасын ұстап тұра алмай отыр. Қазіргі кезде облыстағы сауда орындарында оның бір келісі 300-400 теңгеге сатылуда. Ал жыл басында әлеуметтік дүкендерде картоптың келісі 90 теңге, ірі сауда желілерінде 140-170 теңге шамасында болған-ды.

Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында қымбатшылықты маусымдық жағдаймен байланыстырды.

"Павлодар облысында жиналатын картоптың 80%-ы суару әдісі арқылы өсіріледі. Оны қыркүйек-мамыр айлары аралығында ғана сақтауға болады. Сондықтан мамыр айынан бастап  жергілікті нарыққа оңтүстікте ерте піскен картоп жеткізіле бастайды. Бұл бағаның өсуіне әсер етеді. Қазір оңтүстіктегі шаруалар өнімнің келісін 140 теңгеден жеткізуге көшті. Демек, жақын күндері дүкендердегі баға 170 теңгеден аспауы тиіс", - дейді Әбілқайыр Сқақов.

Биылғы жоспар бойынша павлодарлық шаруалар күзде 505 мың тонна картоп алады.

Ажар Дәулетова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу