2017 жылы Павлодар облысының емханаларына 1026 шетелдік тіркелген. Бұл туралы "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" КЕАҚ Павлодар облысы бойынша филиалының директоры Нұрлан Қасымов айтты, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
"Көші-қон қызметі ұсынған мәліметке сүйенсек, өңірде 6200 шетелдік және азаматтығы жоқ адам тұрады, - дейді Нұрлан Қасымов. - 2018 жылы қаңтарда заңнамаға енгізілген өзгерістерге сәйкес ҚР аумағын тұрақты мекен еткен аталған азаматтар тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін пайдалану құқығына ие болды. Сондықтан олар емханаларды өздігінен таңдап тіркелу арқылы белгілі бір медициналық қызметтерді тегін ала алады".
Филиал басшысының айтуынша, өткен жылы алғашы медициналық көмек көрсету нысандарына тұрғындарды тіркеу науқаны 15 қыркүйек – 15 қараша аралығында жүргізілген.
Науқан барысында тұрғындарға өздігінен емхана таңдау мүмкіндігі ұсынылған. Тіркеу науқанына 30 медициналық мекеме қатысқан. Оның ішінде тоғызы - жеке меншік, алтауы – бұған дейін тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне қатыспаған жабдықтаушы.
"Нәтижесінде облыс бойынша 778 453 адам емханаларға тіркелді, - деді Нұрлан Қасымов. - Олардың басым бөлігі тұрғылықты мекенжайы бойынша автоматты түрде тіркелген. Дегенмен емханаларды өздігінен таңдау еркін 23394 адам пайдаланған. 2016 жылы науқанға өңірде 3745 адам қатысқан болса, 2017 жылы бұл көрсеткіш алты есеге артқан. Мұндай нәтижеге жаңа жеке меншік ұйымдарды тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне тарту есебінен қол жеткізілді".