Павлодар облысының ХҚКО-да сурдоаударма қызметі іске қосылады

944

Павлодар облысының ХҚКО-да сурдоаударма қызметі іске қосылады

Халыққа қызмет көрсету орталығының Павлодар облысындағы 16 филиалында сурдоаударма қызметі іске қосылады, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Бұл туралы халыққа қызмет көрсету орталығы департамент директорының орынбасары Салтанат Аупбаева мәлім етті.

"Сурдоаударма мамандары біздің бөлімшелерде отырмайды. Сөйлеу және есту қабілеті бұзылған адамдармен олар қосалқы монитор арқылы онлайн жүйесінде тілдеседі. Өздерінің Астанадағы бас кеңсесінен өңірлерге тікелей трансляцияға шығу арқылы кеңес береді. Мәселен, ХҚКО-на келген мүмкіндігі шектеулі азаматтар жеңілдік терезелеріне қызмет көрсету талонын алады да ешқандай кезексіз кіреді. Мониторда көрсетілген тетіктер арқылы қандай қызмет қажет екенін таңдағаннан кейін, экранға сурдоаударма мамандары шығып азаматтың сауалына тікелей жауап береді. Ал, олардың әңгімесін ХҚКО-ның мамандары арнайы құлаққап арқылы тыңдап отырады да әңгіме аяқталған соң қажетті құжаттарын алып береді", – дейді Салтанат Аупбаева.

Маманның сөзінше, Павлодар қаласының Павлов көшесі, 48 мекенжайында орналасқан халыққа қызмет көрсету орталығында сурдоаударма қызметі үшін екі монитор іске қосылса, қалған бөлімшелерде бір-бір монитордан жұмыс істейді. Қазіргі таңда арнайы құлаққаптар мен мониторларға тапсырыс берілуде. Құрылғыларды осы айдың ішінде орнатып, іске қосу жоспарланған.

Айта кетейік, сурдоаударма қызметі "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы мен "Ауған соғысы мүгедектер қоры" республикалық қоғамдық бірлестігі бірігіп жүзеге асыруда. Есту және сөйлеу қабілеті төмен адамдарға арналған қызмет түрі бұған дейін Алматы және Астана қалаларының ХҚКО-да іске қосылған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу