Павлодар облысының шаруалары қар тоқтатуды бастап кетті

1127

Павлодар облысының шаруалары қар тоқтатуды бастап кетті

Павлодар облысының шаруа қожалықтары биыл қардың ерте және қалың түсуіне байланысты қар тоқтату жұмыстарын жылдағыдан ерте, желтоқсан айында бастады. Нәтижесінде қазіргі күнге дейін 88 мың гектар алқапты қолдан ылғалдандыру жұмысы жүргізілген, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының өсімдік шаруашылығы және механизация бөлімінің басшысы Байболат Рахымжановтың айтуынша, мұндай жұмыстар келесі жылы егін шаруашылығы дақылдарын молынан алуға мүмкіндік береді.

"Былтыр қар тоқтату жұмысы қаңтар айының 6,7-ші жұлдызынан басталған. Биыл қардың қалыңдығына байланысты шаруалар ерте кірісіп кетті. Қысқы ылғалды сақтап қалмаса, көктемде қанша жауын жауатыны белгісіз. Сондықтан осылай егін алқаптарына қысқы қарды тоқтату - жазда құрғақшылықтың алдын алу тәсілдерінің бірі. Мәселен, Шарбақты ауданы 33 мың гектарға, Ертіс ауданы 18 мың гектарға, Железин ауданы 10 мың гектар, Ақтоғай және Успен аудандарының диқандары 9 мың гектар алқапқа жүргізіп үлгерді. Облыс бойынша бұл жұмысқа 127 қар тоқтату техникасы жұмылдырылды", – дейді Байболат Рахымжанов.

Айта кетерлігі, өткен жылы 262 мың гектар алқапқа қар тоқтату жұмысы жүргізілген. Ал, биыл бұл көрсеткішті 352 мың гектарға жеткізу көзделуде. Тілеуберді Сахаба.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу