Павлодар облысының шаруалары биылғы қар мөлшерінің жылдағыдан аз түскенінен қауіптенуде, деп хабарлайды abctv.kz.
Биыл Павлодар облысында қар жылдағы мөлшерінен аз түсті. Осыған байланысты шаруалар ертерек қамданып, қар тоқтату жұмыстарына кірісіп кетті. Себебі олар "қуаңшылық болып, өнім бітік шықпай қалуы мүмкін" деп қауіптеніп отыр.
Былтыр түскен қардың қалыңдығы 30 сантиметрден асқан еді. Сол себепті шаруалар бірінші ізде 352 мың 500 гектар, екінші ізде 22 мың 700 гектар алқапта қар тоқтатты. Биылғы қардың қалыңдығы жыл басынан санағанда орташа есеппен небары 25 сантиметрді құрап отыр. Сондықтан бірінші іздің өзінде дәнді дақылдар себетін 410 мың 500 гектар алқапқа қар тоқтату қажеттілігі туындап отыр. Бүгінге дейін 163 мың 100 гектар жерде қар тоқтатылған.