Павлодар облысының жаңа әкімі Екібастұзда болды

587

Апатты аймақта келтірілген шығынды өтеу туралы берілген өтініштерді өңдеу басталды, деп хабарлайды inbusiness.kz Pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.    

Павлодар облысының жаңа әкімі Екібастұзда болды Фото: pavlodarnews.kz

Бұл туралы облыс әкімі Асайын Байханов өзінің Instagram парақшасында жазды.

"Алғашқы күннен бастап, нақты айтқанда, 27 қарашаның түнінен бері, мен Екібастұздағы апат туралы хабардармын. Сол кезде біз Павлодар қаласының әкімдігінде жағдайды бақылап қана қоймай, мұздаған қалаға көмек ұйымдастырумен болдық. Қазір ТЖ салдарын жою жұмыстарына бірінші вице-премьер Роман Васильевич Скляр жетекшілік етеді. Премьер-министр Әлихан Асханұлы Смаилов оқиға орнында болды, ол жағдайды тұрақты бақылауда ұстап отыр. Атқарылған жұмыстар туралы мемлекет басшысына үнемі баяндалып отырады", - деді аймақ басшысы.

Асайын Байханов апатты-қалпына келтіру жұмыстары жалғасып жатқанын және бінінші кезекте аталған жұмысты мейлінше қысқа уақытта аяқтап,  екібастұздықтар жылу мен суға қол жеткізетінін айтты.

"Оған жету үшін қала тұрғындарының өздері және өзге қаһармандар - еліміздің әр өңірінен Екібастұздағы апатты жоюға жиналған дәнекерлеушілер, сантехниктер мен электриктер жанқиярлықпен күресіп жатыр. Олардың бәріне алғыс айтамын. Сондай-ақ, гуманитарлық көмек көрсетуді қолына алған еріктілер, қоғам белсенділері мен депутаттарға да көп рахмет", - деді жазбасында.

Екібастұздағы жылуды қалпына келтіріп қана қоймай, оны тұрақты сақтап қалу керектігін де тілге тиек етті. Осы бір күрделі кезең ойдағыдай өтуі үшін қала билігі мен "Екібастұзжылуэнергиясы" ЖШС-і жауапты екенін әрі оған облыс басшылығы барынша қолдау көрсететінін айтты.

"Біз келтірілген шығынды өтеу туралы беріліп жатқан өтініштерді өңдеуді бастадық. Мен бұл жұмысты созбауды тапсырдым. Қазір көп адамды "Екібастұздағы жағдай үшін кім жазаға тартылады?" деген сұрақ мазалап отыр. Менің айтарым, алдын ала шешім қабылдап керек емес, қазір біз қаланың қалыпты өмір жағдайына оралу мәселелерімен айналысып жатырмыз. Қалғанының бәрі - екінші мәселе", - деп түйіндеді облыс әкімі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу