Павлодар өңірінде егіс былтырғыға қарағанда 9 пайызға артық егілмек

1102

2019 жылы көктемгі егіс жұмыстарын қаржыландыруға және өсімдік шаруашылығын қолдауға 2,9 млрд теңге субсидия бөлінді.

Павлодар өңірінде егіс былтырғыға қарағанда 9 пайызға артық егілмек

Биыл Павлодар өңірінде 1,384 млн гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егіледі, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Павлодар өңірлік ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, өткен жылға қарағанда  113,7 мың гектарға немесе 9 пайызға артық егілмек.

Егістік алқаптар құрылымын әртараптандыруға байланысты дәнді дақылдардың егістік жерлерін 60 мың гектарға, жемшөптік дақылдар 95 мың гектарға, майлы дақылдарды 6 мың гектарға ұлғайту жоспарланып отыр.

2019 жылы көктемгі егіс жұмыстарын қаржыландыруға және өсімдік шаруашылығын қолдауға 2,9 млрд теңге субсидия бөлінді.

"Минералды тыңайтқыштардың құнын субсидиялау" бағдарламасы бойынша 700 млн теңге бөлу жоспарланған. Өткен жылы 582 млн теңге бөлінген болатын. "Ауыл шаруашылық тауар өндірушілеріне гербицидтердің құнын төмендету" бағдарламасы бойынша 900 млн теңге (өткен жылы 866 млн теңге) бөлінді", –  дейді әкімнің баспасөз қызметінен.

Көктемгі далалық жұмыстарда ауылшаруашылық тауар өндірушілерін қолдау мәселесіне көп көңіл бөлінеді.

Биылғы жылы "Аграрлық несие корпорациясы" АҚ желісі арқылы "Агробизнес" және "Кең дала" бағдарламалары бойынша 3 млрд теңгеге 100-ден астам несие беру жоспарлануда. 2018 жылы осы бағдарламалар арқылы 2,6 млрд теңгеге 173 қарыз берілді.

Павлодар облысының егіншілері тұқымдарды артығымен қамтып алған. Көктемгі егістік жұмыстарына 120 мың тонна тұқым дайындау жоспарына қарамастан, қоймаларға 136 мың тонна тұқым құйылды.  Облыста көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге 18,6 мың тонна дизель отыны бөлінді. Оның ішінде наурыз айына – 7 мың тонна, сәуірге – 6,6 мың тонна, мамыр айына 5 мың тонна бөлінген.  

Жеткізушінің қызметтерін есепке алғанда 1 тонна дизель отынының құны 201,5 мың теңге немесе 1 литр үшін 167 теңгені құрайды.

Ауыл шаруашылығы басқармасының мамандары техниканың көктемгі егіс жұмыстарына 100 пайыз дайын екендігін хабарлады. Жұмыс жоспарына сәйкес егіс науқанына 7412 түрлі модификациядағы трактор, 8084 –  тырма, 1790 –  соқа, 1204 – қопсытқыш, 4426 сепкіш және 163 егістік кешендер тартылады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу