Павлодар өңірінде жылқы туризмін дамыту бойынша жоба әзірленуде

2812

Иппотерапия қолға алынбақ.

Павлодар өңірінде жылқы туризмін дамыту бойынша жоба әзірленуде

Павлодарда жылқылардың "Бай-шұбар" зауыттық тұрпатын шығару бойынша жоба әзірленуде. Мұндай жобаны С. Торайғыров атындағы ПМУ мен Қазақ ұлттық аграрлық университеті бірлесіп жүзеге асыруды көздеп отыр, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

"Қазіргі таңда осы бағытта жұмыс жүргізілуде. Мысалы, Алпамыстың Байшұбарын алатын болсақ, қазақ халқы ғасырлар бойы тұлпардың кіл мықтысын сұрыптап өсірген. Жылқы жануарының мұндай бірегей түрі көптеген туристердің назарын аударатыны сөзсіз. Оны иппотерапияда церебралды сал ауруына шалдыққан балаларды емдеуге бүкіл әлемде кеңінен қолданады. Біріншіден, жылқыға отырған кезде дененің барлық бұлшықеті жұмыс істейді. Екіншіден, өзін қоғамның тең мүшесі ретінде сезіну арқылы жағымды эмоция пайда болады. Болашақта Павлодар облысында осындай  жылқылармен емдеу пункті ашылады деп үміттенеміз. Әсіресе, Баянауыл тауларында жылқы туризмін дамыту қолайлы болар еді", – дейді республикалық жылқы шаруашылығы кеңесінің мүшесі, ПМУ "Зоотехнология, генетика және селекция" кафедрасының қауымдастырылған профессоры Төлеген Асанбаев.

Бұдан басқа, профессор жылқы шаруашылығына қатысты тағы бір тың жоспарымен бөлісті.

"Мал шаруашылығында қой мен ешкілердің сүтті түрі бар болғанымен, жылқылардың арасында кездеспейді. Сондықтан біздің университеттің ғалымдары осы жағынан бір жобаны жүзеге асыруды қолға алуда. Бұған қоса, мұндай тәжірибе жүргізу үшін Екібастұзда "Жаңа ауыл", "Тұрар" және Аққулы ауданында "Алтай" шаруа қожалықтарында 10 жылдан бері қазақ жылқыларының салмағын арттыру бойынша жергілікті селекциялық жабы биесі мен жаңа-алтай өндіруші тұқымын будандастыру жұмыстары жүргізілуде", – дейді ғалым.

Профессордың айтуынша, ет және сүт беру қасиеті бойынша жоғары нәтиже беретін жылқының бірегей түрі 2000 жылы Таулы Алтайда жергілікті алтай биелері мен орыс және кеңес ауыр жүк тартқышын, литва ауыр жүк тартқышын будандастыру арқылы пайда болған. Ауыр жүк тартқыштардың кейбір чемпиондары сүттілігі жағынан лактация кезінде 5-7 мың литрге дейін сүт бере алады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу