Павлодар тұрғыны әріптестерінің 26 миллион теңгесін қолды қылды

Енді алдағы өмірін темір тордың ар жағында өткізеді. 

Павлодар тұрғыны әріптестерінің 26 миллион теңгесін қолды қылды Фото: canva.com

Павлодар облысының 30 жасар тұрғыны бірге еңбек ететін әріптестерін өз арбауына түсіріп, олардың сеніміне кіріп, қомақты қаржысын қалтасына басқан, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі. 

Ер адам қызметтестеріне "Kolesa.kz" сайтында көрсетілген көліктерді жарты бағасына сатып алуға болатын жолы барын айтқан. Бұған сенген адамдар банктен несие алып, қалаған көліктерін арзанға алу үшін берешекке белшесінен батқан. Ал алаяқ әріптестерінен ақша алған соң тайып тұрған. Соңында  жәбірленушілерде не көлік, не ақша жоқ. 

"Әріптесінің "пысық" жүйесіне сенген азаматтар екінші деңгейлі бірнеше банктен несие ресімдеп, оны алаяқтың қолына ұстатқан. Алайда арзан көлік алып беруге уәде берген ол сөзінен тайқып шыға келген. Сөйтіп, автомобиль ала алмаған, қаржысын қайтара алмаған әріптестері құқық қорғау органдарына шағым түсірді",  деп хабарлайды polisia.kz сайты. 

Жалпы, 10 ай аралығында алаяқ қитұрқы әрекеті арқылы жәбірленушілерге барлығы 26 млн теңге шығын келтірген. Бұл соманы өзінің жеке қажеттілігіне жаратқан.

Енді 30 жасар павлодарлық алдағы төрт жылын Семей қаласындағы түзету мекемесінде өткізетін болды. Сондай-ақ, әріптестеріне материалдық шығынның орнын толтыруы тиіс. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу