Павлодар тұрғыны иті үшін жедел жәрдем шақырды

1035

Жедел жәрдем шақырғандар баланың аяғы сынды деп алдаған.

Павлодар тұрғыны иті үшін жедел жәрдем шақырды

Өткен тәулікте Павлодар облыстық жедел жәрдем станциясына екі жалған шақыру түскен, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Бірінші қоңырау шалғандар медиктерді иттеріне көмек көрсету үшін, ал, екіншілері өз пәтерлеріне кіру үшін шақырған.

"Түнгі сағат екінің кезінде "103" қызметі диспетчерінің пультіне қала пәтерлерінің бірінде бүлдіршіннің аяғын сындырып алғаны жөнінде хабар түсті. Педиатрия бригадасы аталған мекенжай бойынша жедел жетіп, жағдайды анықтаған кезде таңданыстарын жасырмады. Аяғын сындырып алған кішкентай бала емес, ит болып шықты", – дейді жедел жәрдем станциясынан.

Дәрігерлер иттің қожайындарына ветеринар шақыруға кеңес беріп, келесі шақыру бойынша жүріп кетті.

Шамамен сол уақытта жедел жәрдем қызметіне басқа мекенжай бойынша шақыру түсті. Қоңырау шалған ер адам балаларының қызуы көтеріліп тұрғанын хабарлады. Оқиға орнына жеткен дәрігерлер 103 телефон нөміріне қоңырау шалған азамат өз үйіне кіре алмай отырғанын анықтады. Ер адам мас болғандықтан жұбайы оны үйге кіргізбей қойған. Сондықтан, әлгі азамат өз үйіне дәрігерлердің көмегімен кіруге бел байлаған.

"Аймақ тұрғындарына жедел жәрдем көлігі шынымен қажет болғанда ғана шақыруларын өтінеміз. Біз жалған қоңыраулар бойынша қызмет көрсетіп жатқанда, басқа бір адамдар шұғыл медициналық көмекке зәру болуы мүмкін", – дейді облыстық жедел жәрдем станциясы бас дәрігерінің аудит бойынша орынбасары Ольга Вербовая.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу