Павлодар тұрғыны жылу мекемесінен жарты миллиондай теңге өндіріп алды

587

Ол монополист компания тарапынан келтірілген залалды сотта дәлелдей білді.

Павлодар тұрғыны жылу мекемесінен жарты миллиондай теңге өндіріп алды

Қыстай тоңып шыққан Екібастұз қаласының тұрғыны жылу мекемесін сотқа беріп, 500 мың теңгеге жуық өтемақы өндіріп алатын болды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Ол монополист компания тарапынан келтірілген залалды сотта дәлелдей білді. Қыстағы апатта тұрғынның пәтеріндегі батареялар мен құбырлары жарылған. Бүлінген баспанасын жөндеуге өз қалтасынан шығындалған. Одан бөлек балалары ауырып, дәрі-дәрмек алуға қаржы жұмсаған. Сотқа жүгінбес бұрын "Екібастұзжылуэнерго" кәсіпорнына шығынды өтеп беру жөнінде жазбаша өтініш беріпті. Алайда, монополист тарапынан жауап болмаған.

"Сот отырысында шағымданушы тұрғын монополист компания тарапынан келтірілген залалды дәлелдеп берді. Талап арызда көрсетілген материалдық шығын бойынша 365 мың 740 теңге, ал, моральдік тұрғыдан 100 мың теңге өндіру жөнінде сот шешімі шықты. Шешім әлі заңды күшіне енген жоқ", - дейді облыстық соттың баспасөз хатшысы Агидель Ибраева. 

Айта кетерлігі, өткен жылдың қараша айында Екібастұз қаласындағы жылу желілерінде апат болып 170-тен аса көпқабатты үйдің құбыры қатып қалған. Қыс бойы тоңып шыққан тұрғындар талай шағымданды. Әйтсе де, жылу беруші кәсіпорыннан тұрғындардың материалдық және моральдік шығын өндіріп алу дерегі алғаш рет кездесіп отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу