Облыс орталығындағы теміржол вокзалы – қаланың негізгі "қақпаларының" бірі. 1981 жылы қолданысқа берілген бұл ғимарат соңғы екі онжылдық аралығында мүлде күрделі жөндеу көрмеген еді. Биыл бұл олқылықтың орны толтырылып, кешенді жаңғырту жұмыстары жүргізілді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Айта кетейік, Павлодар вокзалы ел тұрғындарын Алматы, Астана, Семей, Түркістан, Қызылорда және тағы басқа бірқатар қаламен жалғайды. Күн сайын пойыздар 9 бағыт бойынша жолға шығады. Күн сайын мұнда 1500-ден астам адам келіп, түрлі қызмет алады. Өткен жылы жалпы жолаушылар ағыны 570 мың адамды құрады.
Дей тұрғанмен, соңғы жылдары мұнда жолаушыларға жайлы жағдай жасала қойған жоқ. Басқасын былай қойғанда, осы қыстың өзінде пойызын күткен адамдар вокзал ішінде бүрсең қағуға мәжбүр болды. Кассалар мен қызмет көрсету нүктелерінің де әбден ескіргені бар.
Осыны ескере келе, мекемені толықтай жаңғыртудан өткізу ұйғарылды. Сөйтіп, жалпы аумағы бес мың шаршы метрден асатын ғимаратта жөндеу жұмыстары басталды. Ол 9 айға жалғасты. Бүгін жоспарлы істердің барлығы аяқталып, салтанатты түрде таныстырылды.
Енді теміржол вокзалы жолаушылар мен қызметкерлерге қолайлы әрі жаңа заман талаптарына сай. Екі қабатты ғимаратта қасбеті, есік-терезелерден бастап орындықтарға дейін – барлығы жаңарды. Инфрақұрылымдың желілер де ауыстырылды. Сондықтан қыста суық болмауы тиіс.
Жолаушыларға ыңғайлы болуы үшін сервистік қызмет көрсетудің барлық үлгісі қарастырылған. Өзіне-өзі қызмет көрсететін төлем терминалдары бар. Пойыздардың жол жүру кестесі, ақпараттық-анықтама тақтасы, ұжымдық пайдалану таблосы, ақпараттық дүңгіршік те ашылды. Сондай-ақ, екі бірдей жеделсаты орналастырылған. Ол мүмкіндігі шектеулі жандарға ыңғайлы болмақ. Кішкентай жолаушылар үшін балалардың ойын бөлмесі, дәріхана да қарастырылған. Бұл жұмыстардың барлығына 1 млрд 300 млн теңге жұмсалды. Аталған сома – облыстағы ірі кәсіпорынның демеушілік қаржысы. Күрделі жөндеуге мемлекеттік қазынасынан қаржы бөлінген жоқ.