Павлодар қаласында 1-наурызда "Менің тойым" атты үйлену тойының индустрия жәрмеңкесі өтеді, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
Бұл туралы жастар бастамаларын дамыту орталығының іс-шаралар ұйымдастыру бөлімінің инспекторы Оразбек Бақытхан мәлім етті.
"Аталмыш жәрмеңке өңірімізде тұңғыш рет өткелі тұр. Шараға осы уақытқа дейін отбасын құру үшін АХАЖ бөліміне тіркеліп жатқан жастар шақырылды. Сондай-ақ, мейрамханаларды безендіру агенттіктері, асабалар, фото-видео операторлар, сұлулық салондары мен сан түрлі той ортасында жүрген өнерпаздар келеді. Келіп қатысуға ниет білдірген жандарға шектеу қойылмайды", – деді Оразбек Бақытхан.
Жәрмеңке барысында жастар өздерінің талғамына қарай асаба мен қуанышты сәтті фото және бейне камераға түсіретін адамдарды, мейрамханалар мен дәмханаларды таңдай алады.