Павлодарда 12 жаңа автобус жолға шықты

Сол арқылы қоғамдық көліктер арасындағы интервал азаяды.

Павлодарда 12 жаңа автобус жолға шықты Фото: Валерий Бугаев

Осыдан үш жыл бұрын облыс орталығы тұрғындарының тарапынан қоғамдық көліктердің қозғалыс аралығы мен олардың аздығына жиі шағым түсетін. Сол уақытта Павлодар қоғамдық көліктердің 75%-ы шағын класты болған жалғыз облыс орталығы саналды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі. 

Осыны ескерген жергілікті билік 2022 жылдан бастап автокәсіпорындарды жаңартуға және электрондық билеттеу жүйесін енгізуге арналған субсидиялар енгізді. Бұл өз кезегінде автобус парктерін жаңартуға мүмкіндік берді. Сөйтіп, соңғы екі жылда 218 автобус жаңартылды. Бүгінгі таңда Павлодар облысының үш қаласында қоғамдық көліктердің 75%-ы  заманауи талапқа сай келетін үлкен класты автобустар. 

Жыл соңында автобус паркі тағы 12 жайлы қоғамдық көлікпен толықты. Бұл автобустар №003 бағытта жолаушыларды тасымалдайтын шағын көліктерді алмастыратын болады. Бұған дейін тұрғындар шағын автобусқа сыймай, қолайсыздық көріп келсе, енді сыйымдылығы үлкен жайлы автобуспен қалаған жеріне жете алады. 57 орындық жаңа автобустар мүмкіндігі шектеулі жандардың қатынауы үшін жиналмалы аппарельмен, жолаушыларға ыңғайлы болу үшін кондиционерлер, гаджеттерді қосуға арналған USB-порттармен және 7 бейнекамерамен қамтылған.

Сонымен қатар, қозғалыс аралығы 10 минуттан 8 минутқа дейін қысқарады. 
Жаңа жыл қарсаңында қала тұрғындарымен қатар жергілікті "Ертіс" футбол клубының ойыншылары тамаша тартуға ие болды. "№1 автобус паркі" ЖШС демеушілік көрсетіп, командаға Yutong маркалы автобус сатып алынды. 43 адамға арналған көлікте жолаушылардың жайлылығы үшін кондиционерлер, тоңазытқыштар және т. б. орнатылған. 

"Аты аңызға айналған клубтың 60 жылдық мерейтойы қарсаңында бұл  лайықты сыйлық. Біздің даңқты клубты жандандыруға көмектескен және командамызға әлі де қолдау көрсетіп жатқан жандарға алғысымды айтамын. Өткен жылы біздің жігіттер екінші лиганың чемпиондары атанып, маусымды бірінші лигаға шығумен аяқтады. 2025 жылдың басты міндеті  Премьер-лигаға оралу. Енді осы автобуспен сырт алаңдағы ойындардан тек жеңістер әкелсін", – деді Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу