Павлодарда 14 кәсіпкерлік нысаны "Ashyq" жобасынан шеттетілді

676

Кәсіпкерлерден жобаға қатысуға 602 өтініш келіп түсті.

Павлодарда 14 кәсіпкерлік нысаны "Ashyq" жобасынан шеттетілді

Осы уақытқа дейін Павлодар облысында қызмет көрсету саласында жұмыс істейтін 549 нысанға QR-код берілді. Тағы 53 өтініш қарастырылып жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Өңірлік "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасының директоры Серік Сәдуақасовтың айтуынша, "Ashyq" жүйесіне қосылған нысандар коронавирустық инфекция жұқтырып, үй карантинін сақтамайтын тұрғындарды анықтауда қолғабыс жасап отыр.

"Бүгінге дейін 46 нысанға келген 100 адамның мәртебесі "қызыл" және "сары" түсті екені анықталып, олар мекеменің ішіне кіргізілген жоқ. Олардың 60-сы - Павлодар облысының, қалғаны басқа өңірлердің тұрғындары", - деді Серік Сәдуақасов.

Сонымен қатар, жаңа жобаға қосылғандарға белгіленген талаптарды сақтамаған 14 бизнес нысаны екі апта аралығында QR-кодты пайдалана алмайтын болды. Бұл нысандар екінші рет ережелерді елемесе, кодтан біржола айырылады.

Карантин талаптарында белгіленген келушілер санынан көп адамды қабылдаған тағы 3 қызмет көрсету орны айыппұл арқалады.

Ал екі апта аралығында небары 20 адамды QR-код арқылы кіргізген 99 нысанның жұмысын енді мониторингтік топтар тексереді.

Айта кетейік, бүгін Павлодар облысының бас санитарлық дәрігерінің жаңа қаулысы жарияланды. Ертең күшіне енетін Қаулыда карантин талаптары біршама күшейді. Мәселен, "Ashyq" жобасына қосылған нысандардың қызмет көрсету уақытының өзі 20.00-ге дейін қысқарды. Демалыс және мереке күндері қала ішіндегі қоғамдық көлік жүрмейтін болды. Сондай-ақ, бұл күндері сауда орталықтары да жұмысын тоқтатады.

Ажар Дәулетова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу