Павлодарда 14 жастағы оқушы жалған терроризм актісімен ұсталды

623

Ол облыс мектептерін 3 ай бойы мазалаған 

Павлодарда 14 жастағы оқушы жалған терроризм актісімен ұсталды Фото: polisia.kz

Павлодарда терроризм актісі туралы жалған хабарлама берген күдікті анықталды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Павлодар облысы бойынша полиция департаменті білім беру ұйымдарында салынған бомба туралы жалған хабарламалар таратты деген күдікке ілінген кәмелетке толмаған тұлғаны анықталды.

Күдікті Павлодар қаласы мектептерінің бірінде оқитын 14 жастағы оқушы болып шықты.

"Оқушы 2023 жылдың ақпан-сәуір айлары аралығында жаңа телефон нөмірлері арқылы аккаунттар құрғаны анықталды. Ол арқылы терроризм актісі туралы жалған хабарламаларды білім беру объектілерінің электрондық поштасына жолдаған. Содан кейін аккаунттарды жойып отырған. Осы факті бойынша Қазақстан Республикасы ҚК-нің 273-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Кәмелетке толмаған заңды өкілдердің кепілгерлігіне берілді", – деп хабарлады Павлодар облысы ПД бастығының орынбасары Болат Нұрсейітов.

Полицейлер терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлағаны үшін Қазақстан Республикасы ҚК-нің 273-бабы бойынша қылмыстық жауаптылық көзделгенін және 5000 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не бас бостандығынан айыруға жазаланатынын еске салды.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына, Қазақстан Республикасы ҚПК-нің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес адам өзінің кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен танылғанға дейін қылмыс жасағаны үшін кінәсіз деп есептеледі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу