Павлодарда 18 оқушыны құтқарып қалған полицейлер мемлекеттік марапатқа ұсынылды

1061

Павлодарда 18 оқушыны құтқарып қалған полицейлер мемлекеттік марапатқа ұсынылды

Павлодарда 18 оқушы отырған автобусты жүк көлігімен соқтығысуынан аман алып қалған Мұрат Нұрсейітовке ІІІ дәрежелі "Айбын" ордені, Баянбек Жүнісовке "Ерлігі үшін" медалі берілді, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Тәртіп сақшыларына наградаларды Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов табыстады.

"Біз полицейлерімізді мақтан тұтамыз, себебі олар - нағыз Отан қорғаушылар. Батырларымыздың аман-есен арамызға оралғаны қуантады. Павлодар облыстық ішкі істер департаментін Отан қорғаушылар күнімен құттықтаймын", - деді аймақ басшысы.

Үш ай бойы ем қабылдап, жарақатынан толық айықпаған Мұрат Нұрсейітов жоғары кәсіби шеберлігі үшін тәртіп сақшыларына алғысын білдірді.

"Бүгінгі таңда көптеген теріс пікірлер айтылуда. Кейде олар орынды шығар, дегенмен ішкі істер департаментінде өз ісіне адал жандар қызмет ететініне сенімдімін. Отан қорғаушылар мен Жеңіс күні қарсаңында біздің полицейлердің туған еліне тік тұрып қызмет етеді деп нық айта аламын", - деді ол.

Еске сала кетейік, автобус Баянауыл ауданынан Павлодарда өтетін жарыстарға бет алған болатын. Көліктің ішінде балалар болғандықтан, олармен бірге тәртіп сақшылары ілесіп жүрді. Кенеттен жолдың қарсы бетінде келе жатқан "КамАЗ" автобусқа қарама-қарсы шығып кеткен. Осы кезде апатты жағдайды дер кезінде аңғарған полицейлер соққыны өздеріне алып, балалардың өмірін құтқарып қалған. 1977 және 1978 жылғы азаматтар Павлодар қалалық № 1 ауруханаға жатқызылды. Олар Баянауыл аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлері – полиция старшинасы Мұрат Нұрсейітов пен полицияның аға сержанты Баянбек Жүнісов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу